Бүгін – Халықаралық театр күні. Бұл мереке 1961 жылы Вена қаласында өткен IX конгресте ресми бекітілген болатын. Міне, содан бері Халықаралық театр күні елімізде жыл сайын аталып өтеді.

Бүгінде еліміз бойынша алпыстан астам театр халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетіп келеді. Олардың арасында қазақ өнерінің қара шаңырағы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының шоқтығы биік. 1955 жылы Талдықорған қаласында құрылған қазақ театрының шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Ал, 1960 жылы Қызылорда қаласына көшіріліп, Нартай Бекежановтың аты берілді. Сыр өнерінің қара шаңырағында бүгінге дейін 400-ден астам спектакль сахналанып, театр ұжымы бекзат өнердің өрістеуіне үлес қосып келеді.

МҰХТАР НИЯЗОВ – Н. БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ //Сыр сахнасына алғаш рет «Моно» спектаклдің жанры келді бізге. «шырмауық» деп аталатын бір адамнан ғана тұратын моно спектаклінің де тұсауын кестік. Театр қоржыны түрлі спектаклдермен толығып жатыр. Осылардың қатарында осыған дейін Алматы мен Астанада, сосын аймақтар арасында бірінші рет Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты спектаклі дүниесін жасап, Оразалы Ақтөре деген режиссеріміздің қолтаңбасымен біздің көрерменге жол тартты.//

Сондай-ақ, өңірдегі жас таланттардың басын қосқан «Жастар театры» түрлі республикалық байқауларда топ жарып келеді. Бүгінде театр труппасында 10-нан астам жас киелі өнердің қыр-сырына қанығуда. Бұған дейін «Жастар театры» Төлен Әбдіктің әңгімесінің желісі бойынша жазылған «Оң қол» психологиялық драмасы арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.