Соңғы үш жылда облыста 8787 адам мемлекеттен қайтарымсыз гранттар алған. Бірақ, соның 52,4 пайызы көп өтпей өз жұмысын тоқтатқан.

Мониторинг барысында 727 грант алған кәсіпкерлік субъектісі қамтылған. Қазіргі таңда мемлекеттен берілген қайтарымсыз грантты мақсатсыз пайдаланған 67 адамның ісі сотқа жолданған. Бүгінде оның 8-і бюджетке қаржысын кері қайтарса, қалғаны сот қарауында.

Брифингте жұмыспен қамту жайы да талқыланды. Биыл 46475 адамды еңбекке тарту көзделген. Соның 60 пайызы жастардың үлесінде. Айта кететін жайт, өңірімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызға төмендеді.

ЖАНАР ДӘУЛЕТБАЕВА - ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Жалпы, облыста «Мансап» орталықтары арқылы жиі бос жұмыс орындары аясында жәрмеңкелер өткізіліп келеді. Жыл басынан бастап 16 рет жәрмеңке ұйымдастырылып, олардың 1002 жұмыссыз азаматының 316-сы тұрақты, ал 29 адамы болса уақытша жұмысқа орналасқан.

Сондай-ақ, биыл бизнес бастауға ниетті жастарды қолдауға 2 млрд теңге бағытталған. Оған қоса, осал топқа жататын жұмыссыздарға жаңа бизнес идеяларын дамытуға арналған мемлекеттік грант бар. Осы санаттағыларға 1556 грант беру жоспарлануда.