«Үздік аула» анықталды
#qyzylordatv
Қаланың өзіндік эстетикасы мен мәдениетінің қалыптасуы, тазалықтың сақталуы – баршаға ортақ міндет. Облыс орталығында қала тұрғындарының қатысуымен байқау ұйымдастырылып, ең көрікті әрі таза аулалар анықталды.
«Қорқыт ата» аллеясында өткен шара алдымен тазалық жұмыстарынан басталып, коммуналдық саланың қызметкерлері мен жастар игі іске жұмыла кірісті. Жасыл желек көмкеріп, келушілерге жайлы демалыс сыйлайтын саябақ маңы осылайша қоқыстан тазарып, сәні мен салтанаты арта түсті. Иә, бүгінде Қызылорда қаласы еліміздегі ең таза қалалардың қатарында. Архитектуралық келбеті айшықталып, жаңа нысандардың бой көтеруімен қатар шаһардың көркем, жайлы болуы да назардан тыс қалған емес.
ЖАҒЫПАР ТӘЖМАХАНОВ – ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Тазалық деген өз өзінен қалыптаспайды. Әр адам жүрген жерін, тұрған аумағын таза ұстайтын болса қаламыз да таза болады. Бүгінгі тақырып та Таз қала өз аулаңнан басталады деп алып отырмыз.Себебі әр адам үйін, жұмыс жасаған аумағын таза ұстайтын болса тазалық қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдейтін еді. Соңғы жылдары Қызылорданың тазалығы өзге өңірлерге үлгі ретінде көрсетіліп келе жатыр. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, сол жағлау бой көтерді. Бұның барлығы тәуелсіз Қазақстандағы қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші десек болады.
Қала күніне орай өткізілген шарада күннің ыстық-суығын елемей, ертелі-кеш тыным таппайтын тазалық сақшыларына құрмет көрсетілді. Мерейлі мерекеде еңбегі елеулі жандарға сыйақы табысталды.
ЖҰПАРКҮЛ БЕКБОЛҚЫЗЫ – ТАЗАЛЫҚШЫ
Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 10 жылдың көлемі болды. Таза қала өз үйіңнің табалдырығынан басталады акциясына қатысып, марапаттап жатыр. Ұйымдастырып жатқан кісілерге алғсым шексіз. Келе жатқан қала күні құтты болсын! Жұмыс болғасын қызығы да, ауырлығы да болады. Қаламызды таза ұстау баршамыздың міндетіміз. Барша жастарды қаланы таза ұстауға шақырамын.
Шарада ауласын абаттандырып, үйінің алдын гүл жайнатып қойған тұрғындардың мерейі үстем болды. Әдемілік пен ұқыптылықты ұнататын, айналасының тазалығына бей-жай қарамайтын жандар осылайша құрмет төрінен көрінді. Байқаудың І орынына Сырдария шағын ауданындағы №2 үйдің ауласы лайық деп танылды.
Аулаға қарап, тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасын байқауға болады. Түсірілім барысында жеңімпаз атанған ауланы көру үшін Сырдария шағын ауданына арнайы бардық.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Міне, мына біз тұрған аула биыл қаладағы ең үздік аулалардың бірі деп танылды. Мұндағы жасыл желектің әрқайсының артында тұрғындардың өз қолтаңбасы бар. Олардың қоршаған ортаға деген жанашырлығының нәтижесінде мұнда бір емес, бірнеше өсімдік түрі жайқалып тұр.
Тұрғындардың ізгі іс жасаудағы ұйымшылдығы, еңбекқорлығы өзгелерге де үлгі болмақ. Байқаудың басты мақсаты да осы. Себебі таза әрі жайлы қала – үлкен жобалардан ғана емес, тұрғындардың ұқыптылығы мен табиғатқа деген қамқорлығынан басталады.