Негізгі Жаңалықтар Аралдық ұстаздар ардақталды

Аралдық ұстаздар ардақталды

#qyzylordatv 

Арал ауданында да ұстаздар күні сән-салтанатымен аталып өтті. Талай шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты жандардың еңбегі еленіп, марапат төрінен көрінді.


 Атаулы күнге орай саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған білім саласының ардагерлері мен үздіктері ауданның орталық алаңында бас қосты. Алдымен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ұлағатты ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, ұлт болашағы үшін сіңірген қажырлы еңбектеріне алғысын білдірді.


АМАНЖОЛ ОҢҒАРБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ 

 Ұстаз – ұлағатты есім. Ұстаз – ұлттың ұлы мұратын ұрпақ санасына сіңіретін қасиетті мамандық иесі. Қай заманда да елдің ертеңін ойлаған халық ең алдымен білім мен тәрбиені бәрінен биік қойған. Ұлттың болашағы бүгінгі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың танымы мен талғамын, білімі мен болмысын қалыптастыратын ұстаз. Құрметті, ұстаздар! Мемлекет басшысы білім саласына әсіресе, педагогтың мәртебесі мен кәсіби дамуына айрықша мән беріп келеді. Ұстаз еңбегінің нәтижесі оның шәкіртінен көрінеді. Биыл аудан мектептерін 1092 түлек тәмамдады. Олардың 76-сы «Алтын белгі» иегері атанса, 64 оқушы үздік аттестатпен, 187 түлек үздік куәлікпен мектеп бітірді. Білім бәйгесіндегі аудан шәкірттерінің нәтижесі де көңіл қуантады.


 Соңғы жылдары ауданның білім саласы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде, Арал ауданы білім бәйгесінде үздік үштіктің қатарында. Соның бір дәлелі, биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 750 оқушы қатысып, олардың 435-і мемлекеттік және басқа да білім гранттарының иегері атанды. Сондай-ақ, өткен жылы ауданда 5 жаңа мектеп салынып, ел игілігіне табысталды. Оның екеуі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Алдағы уақытта Арал қаласындағы №220 мектеп-лицейіне 575 орындық және Шевченко атындағы №13 орта мектепке 450 орындық жаңа ғимарат салу, мұнан бөлек Сапақ ауылынан 100 орындық жаңа мектептің құрылысын бастап жоспарланып отыр. Сексеуіл кентінде Қазақстан темір жолы акционерлік қоғамының демеушілігімен салынып жатқан 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы да жақын күндері аяқталып, пайдалануға берілмек. 

Салтанатты іс-шарада шәкірттерін шыңға шығарған бірқатар ұстазға облыс және аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.


 Төл мерекеде мерейі үстем болғандардың бірі – Жібек Досжанова. 38 жылдан астам уақыт білім саласында еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз оқушыларға математика пәнінен сабақ береді. Білікті педагогтың еселі еңбегі еленіп, мерекеде облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.


 Жібек Досжанова секілді марапат мінберінен көрінгендердің қатарында – Алтынкүл Киікбаева да бар. Ағартушы 32 жылдан бері білім саласында қызмет етіп, саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді.


 Мәңгілік із қалдыруды мұрат еткен мамандық иелерінің мерекелік шарасы аудан өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ бұл күні шәкірттер ұстаздарына арнап ән шырқады.

Бөлісу