Азия ойындарының қола жүлдегері Ә. Айсалбаев туған жерге оралды
#qyzylordatv
Спорттан ақжолтай ақпар. Жапония Мемлекетінің Аичи және Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғаған Әлішер Айсалбаев туған жерге оралды. Сыр мергенін қызылордалықтар «Қорқыт ата» әуежайынан зор қошеметпен күтіп алды.
Жиырмасыншы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы стенд атудан тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ерлер арасындағы сайыста ел намысын қорғаған Даниил және Марк Почиваловтар мен Әлішер Айсалбаев «трап» жаттығуындағы командалық сайыста 348 ұпай жинап, қола жүлдеге ие болды. Ал, жекелей сында қызылордалық спортшы финалға шығып, жетінші орынға тұрақтады. Бұл - Қазақстан ерлер құрамасының жазғы Азия ойындарында командалық «трап» сайысынан жеңіп алған алғашқы медалі.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеде 84 медаль олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. Ал, Әлішер Айсалбаев - қазіргі уақытта Қазақстан мергендерінің ішіндегі болашағынан үлкен үміт күттіретін ең таңдаулы спортшылардың бірі.
ӘЛІШЕР АЙСАЛБАЕВ – АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ Жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Бұйырса алда әлем чемпионаты бар сол жарысқа енді тыңғылықты дайындалуым керек. Барша мені қошеметпен қарсы алып жатқан Сыр жұртшылығына алғысымды білдіремін