Негізгі Жаңалықтар «Ұстаз айтса»: Мұғалімдер мәселесі диалог алаңында қаузалды

«Ұстаз айтса»: Мұғалімдер мәселесі диалог алаңында қаузалды

#qyzylordatv 

Аймақ ұстаздары республикалық диалог алаңында білім сапасын арттыруға қатысты өз ұсыныстарын тікелей жеткізді. Педагог мәртебесін арттыруға және олардың кәсіби құқықтарын қорғауға бағытталған іс-шараны «Әділет» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырды.


 

 Еркін форматтағы басқосуда мұғалімнің кәсіби дамуы, білім сапасы, цифрландыру және жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Кездесуде сала ардагері, Білім беру ісінің үздігі Баян Сүюбаева білім саласында қалыптасқан тәжірибенің маңызына тоқталып, ұстаз еңбегін бағалау мен білім сапасын арттыруға қатысты өз ұсынысын жеткізді. Ал жас буынның атынан қаладағы №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Ермек Жақсыбаев қазіргі педагогке қойылатын жаңа талаптар жөнінде пікір білдірді. Жас маман цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.

 Жалпы өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Атап айтсақ, соңғы төрт жылда салаға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 миллиард теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынды. Сонымен қатар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілді.

  Жиын соңында өңірдің білім беру саласына қосқан үлесі үшін бірнеше педагог «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының алғыс хатымен марапатталды.

Бөлісу