Негізгі Жаңалықтар 320 жұмысшының еңбек құқығы қорғалды

320 жұмысшының еңбек құқығы қорғалды

#qyzylordatv 

Жыл басынан бері өңірдегі ірі мұнай компаниясындағы 320 жұмысшының еңбек құқығы қорғалып, жалақы мәселесі оң шешімін тапты. Сондай-ақ облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасының араласуымен 59 жұмыскерге тиесілі төлемдер өтелді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев еңбек қауіпсіздігі, құқықтық көмек көрсету және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.


 Бүгінде облыстық кәсіподақтар орталығы құрамындағы 11 салалық кәсіподақта 994 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 94 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар. Еңбек ұжымдарының құқықтары мен қауіпсіздігі, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары кәсіподақтың бақылауында. Облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасына жыл басынан бері 220 өтініш түскен. Мамандар әрбір өтініш бойынша құқықтық кеңес беріп қана қоймайды, қажет болған жағдайда жұмыскердің еңбек құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған кешенді құқықтық сүйемелдеумен қамтамасыз етеді. 


МАҚСҰТ НӘЛІБАЕВ, «ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚ ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ 

 Кәсіподақ үшін басты міндет – жазатайым оқиға орын алғаннан кейін оның салдарымен күресу ғана емес, ең алдымен оның алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру және жұмыскердің өмірі мен денсаулығын қорғау. Осы бағытта кәсіподақтар қоғамдық бақылауды күшейтіп, өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлардың жұмысын жандандыруға, жұмыс орындарындағы қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, оларды жоюға басымдық беріп келеді. Бүгінде облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында 779 техникалық инспектор еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізіп келеді

Бөлісу