Ардагерлерге құрмет көрсетті
#qyzylordatv
Халықаралық қарттар күніне орай өндірістің қалыптасуына үлес қосқан мұнай саласындағы ардагерлерге ерекше құрмет көрсетті.
Верин Вячеслав – отандық мұнай-газ саласының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагері. Оның бұл саладағы жалпы еңбек өтілі 12 жылға жуықтайды. Өндірісте жүрген жылдары компанияның химияландыру учаскесінде жауапты қызмет атқарып, мұнай өңдеу процестеріне тікелей атсалысты.Саланың ауыр да жауапты жүгін абыроймен арқалаған кейіпкеріміз зейнет жасына шыққаннан кейін де қол қусырып отырмауды жөн көрген. Бүгінде ол ауыр атлетикадан жаттықтырушы қызметін табысты жалғастырып келеді. Өндірістегі шыңдалған төзімділік пен қажыр-қайратты ендігі жерде жас спортшыларды тәрбиелеуге бағыттаған ардагердің өмір жолы бүгінгі буынға үлкен өнеге.
ВЕРИН ВЯЧЕСЛАВ – МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
«Зейнетке шыққаннан кейін үйде бос отырмай, бұрынғы спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмысымды жалғастырдым. Бірақ «Қазгермұнайдағы» еңбек жолым ерекше есімде қалды. Біріншіден, ұжымдағы маманның бәрі білікті, өз ісінің шебері еді, кадрлар өте мықты. Мен сонда нағыз еңбек етуді үйренгенмін. Бізде жиі туған күндер аталып өтеді, сыйақылар беріледі, сондай-ақ медициналық көмек алуға қолдау көрсетіледі. Жыл сайын шипажайларға емделуге жолдама беріледі.
Әнуарбек Абызов та ырзық-несібесін қара алтыннан тапқан. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ол, мұнай компаниясында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған. Әсіресе, ілеспе газды кәдеге жарату ісінде қолтаңбасы қалған. Өңірдегі мұнай-газ өндірісінің өркендеуі әлі де көз алдымда дейді.
ӘНУАРБЕК АБЫЗОВ - МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Мұнай саласында жұмыс істеу өте қызықты болды. Ол кезде «Қазгермұнай» енді ғана қарқын алып келе жатқан. Біз компанияға келген кезде технологиялық үдеріс іске қосылып қойған еді. Ал мен жұмыс істеген кезеңде ілеспе газды кәдеге жарату жобасы жүзеге асырылды. Зауыттың құрылысына қатысып, үш жылдан кейін оны іске қостық. Бұл қала үшін де маңызды жоба болды – жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сала ардагерлері өткен шақты еске алу үшін компанияның бас кеңсесіне келді. Олар ең алдымен өмірден өткен әріптестерінің рухына тағзым етіп, монументке гүл шоқтарын қойды. Содан кейін Ардагерлер аллеясын аралап көріп, мұражайға аялдады. Мұнда олар кәсіпорынның қалыптасу тарихы мен жүріп өткен жолдарын еске түсірді. Биыл компанияның 25 ардагері мерейтойлық жасқа толып отыр. Салтанатты кездесуде олардың көпжылдық еңбегі ескеріліп, құрмет көрсетілді.
ЕРСЕЙІТ ҚАЙЫПОВ – «ҚАЗГЕРМҰНАЙ» БК» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
Сіздердің тәжірибелеріңіз – біз үшін және өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін үлкен үлгі әрі бағалы бағдар. Осы орайда «Қазгермұнай» ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі компания жетістіктерінің артында сіздердің көпжылдық қажырлы еңбектеріңіз пен мол тәжірибелеріңіз тұр. Сіздер кәсіпорынның аяққа тұруына өлшеусіз үлес қосып, оның әрі қарай дамуына берік негіз қаладыңыздар
Қара алтын өндірісінде өркен жайған кәсіпорын әрбір қызметкердің еңбегін ескерусіз қалдырмайды. Әсіресе, қажырлы еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерге құрмет ерек.
РАЗИЯ ҚАЛЖАНОВА – «АРДАГЕР МҰНАЙШЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазгермұнайда» еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан ардагерлер өздерін бақытты санақ алады, өйткені олар әрқашан әлеуметтік қолдауды сезініп отырады. 2012 жылы біз небәрі 16 адам болсақ, бүгінде ардагерлеріміздің саны 130-ға жетті. Біз компанияға шексіз алғысымызды білдіреміз. Шын жүректен «Қазгермұнай» одан әрі де өркендей берсе және халыққа қызмет ете берсе екен деп тілейміз».
Шараға облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің, сондай-ақ аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері қатысты. Олар да ардагерлерді мерекемен құттықтап, көпжылдық адал еңбектері үшін марапаттар мен алғыс хаттар табыс етті.