«Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығына орналасқан оралдық 103 оқушының сабағы дәстүрлі форматта жалғасып жатыр. Ол үшін арнайы оқу-құралдары да қарастырылған. Эвакуацияланған балалар мұнда тек білім алып қана қоймай, түрлі мәдени-сауықтыру іс-шараларға тартылып, белсенділігін көрсетіп жатыр.

9-шы сынып оқушысы Думанбек Нұржауов санаулы күнде «Қамбаш» орталығына үйренісіп те қалды. Ол Батыс Қазақстан облысындағы Аққозы ауылынан эвакуацияланған.

ДУМАНБЕК НҰРЖАУОВ – ОҚУШЫ // Біз 9 сынып оқушыларынан 14 бала келдік. Мұнда сабақ уақытылы өтіп жатыр. 5 мезгіл тамақта қарастырылыпты. Бәрі жақсы. Бос уақытымда үйдегі ата-анама қоңырау шалып, жағдайларын біліп отырамын. Сондай-ақ, спорттық үйірмелермен айналысып та жатырмыз. Келгелі тоғызқұмалақтыда үйреніп алдым. Бұл жақта көптеген достар да таптым. Бұйырса бірнеше күннен кейін ауылымызға да қайтамыз.//

Мәдина Сәлен алтыншы сыныпта оқиды. Жаңа орта, жаңа достар жеткіншектің көңілін сергіткендей.

МАДИНА СӘЛЕН – ОҚУШЫ // Біз келгеннен орталық қызметкерлері жақсы қарсы алды. Біз қуаныштымыз. Сабақтарымызда уақытылы өтіп жатыр. Бос уақытымызда кітап оқып, ойнапта жатырмыз. Көптеген достар да таптым. Өте керемет.//

Балаларды оқытуға Арал ауданынан білікті ұстаздар тартылған.

ГҮЛМИРА ТӘЖІДИЕВА - «ҚАМБАШ» ОЛИМПИАДАЛАР ЖӘНЕ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Балаларға барлық жағдай жасалған. Орталық асханасында 5 уақыт дәрумендірілген ас мәзірі қарастырылған. Оқу процесі келгелі тоқтаған жоқ. Қызметкерлердің ұйымдастырумен, спорттық, ән әуез, роботатехникамен айналысып, бос уақыттарын тиімді пайдаланып жатыр. Бір сәт телефон арқылы үй ішіменде байланысады. Балалардың көңіл күйлері жақсы.//

Су тасқыны басталғалы Батыс Қазақстан облысынан 13 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Оның 6 мыңға жуығы бала.