«Қызылорда облысына осымен үшінші мәрте келіп тұрмын. Экологиялық, әлеуметтік жобалар бойынша байланысымыз нығаюда. Алда әлі де бірлесе атқарар істер барына сенемін!» деді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада. Бұл жолы дипломатиялық өкіл №264 мектепте болды.
Жапония бірнеше елде «Шөп тамыры» атты жобасын жүзеге асыруда. Бұл жерде әңгіме өсімдік туралы емес, тамыр деп жапондықтар халықтың еңбеккеш, білімді орта табын атайды екен. Мақсат - әлеуметтің сол бөлігіне қолдау білдіру. Жобаға қатысу арқылы қайтарымсыз грант ұтып алуға болады, сондай грантты №264 мектеп-лицей ұтып алып, екі автобус сатып алды.
Қызылорда облысында осы уақытқа дейін жапон елшілігімен құны 800 мың АҚШ долларын құрайтын 12 жоба жүзеге асқан екен. «Шөп тамыры» жобасы шағын гранттар санатында, алда әлі де қолдау жасауға әзірміз дейді елші.
ДЖУН ЯМАДА - ЖАПОНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ /Қызылорда облысына бұл менің 3-ші сапарым. Бүгін мониторинг мақсатында көруге келген «Шөп тамыры» жобасы мектепке шалғай мөлтек ауданнан қатынайтын балалардың қауіпсіздігіне өз септігін тигізеді деген сенімдемін. Былтыр экожоба бойынша Арал теңізінің құрғаған табанындағы ахуалды көзбен көріп қайттық. Біз Қызылорда облысына басқа да бағытта қолдау жасауға дайынбыз./
«Шөп тамыры» жобасының бюджеті 10 млн жапон иенін құрайды. Жылына екі мәрте құжат қабылдайды, қоғамның ахуалын жақсартуға ниетті ұйымдар қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алуына болады.