V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына берілетін сыйақы көлемі белгілі болды. Жүлденің жалпы сомасы – 253 млн теңге. Қаржыны серіктестер мен демеушілер бөлген. Әр спорт түрі бойынша жүлделер жеке беріледі. Соның ішінде командалық спорт түрлері – бұл, ең алдымен, көкпар және көк-бору.

Жеңімпаз командаға 10 млн теңге, екінші орынға 6 млн теңге, қола жүлдегерге 4 млн теңге табысталады. Жеке спорт түрлерінде жеңімпаздар 500 мың теңгеден алады, екінші орын иеленгендер 300 мың теңгеден, қола жүлдегер 200 мың теңгеден алады. Ат спорты түрлерінде жүлделер біршама көп: бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жарыстарында 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн теңгеден беріледі. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін арнайы әзірленген бірегей медальдар табысталады.

       Айта кетейік, байрақты бәсеке 8-ші қыркүйекте басталады. Оған 89 елден екі жарым мың спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олар 21 спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтайды.