«Мүгедектігі бар балаларға мемлекет тарапынан қолдау шаралары тым төмен». Бауыр еті баласы үшін шырылдаған ата-аналар осылай деп шағым білдіріп отыр. Жеткіншектермен жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандары да әр баланы қоғамға бейімдеу үшін қыруар қаржы қажет екенін жасырмады. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Парламент мәжілісінің депутаты Динара Наумова жұртшылықтың жан айқайына құлақ түріп, күрмеулі мәселе заң аясында шешілуіне ықпал жасайтынын жеткізді.

Мәжіліс мінберіндегі ең жас депутат, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Динара Рустамқызы тағдыр сынына мойымаған жандардың мәселесін көптен бері көтеріп келеді. Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында да оңалту орталықтарының жұмысымен жіті танысып, жабырқаған жандарға қол ұшын созуды құп көріпті. Облыс орталығында орналасқан «Мейірім» түзету-дамыту орталығы 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда ерекшелігі бар балаларға жеке және топтық түрде бейімдеу сабақтары жүргізіліп, олардың қалыпты өмірге қадам басуларына септеседі. Алайда ақылы қызметке жүгіну үшін барлық ата-ананың жағдайы жете бермейді екен.

ДАРИХА ӘБІЛДАЕВА – «МЕЙІРІМ» ТҮЗЕТУ-ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ //Қазіргі таңда ата-аналар 1 жасар баласын университетте оқытып жатыр деуге болады. Өйткені, айына кем дегенде 80-100 мың теңге төлейді. Ал, жоғарғы деңгейде болса 300 мыңға дейін төлеуі мүмкін. Негізі мемлекет тарапынан да көмектер беріледі. Бірақ ол қысқа мерзімді және тиімсіз деп айтсақ та болады. Мысалға, педогогикалық-психологиялық медициналық кеңестің кабинеттері 3 айға аптасына 3-ақ рет 45 минуттық сабақтар. Бұл әрқайсысы әр түрлі мекеме болғандықтар ол бала кезек бойынша барады.../

Сала мамандарының айтуынша, дамуында кідіріс бар балалардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сондықтан, Қызылорда қаласынан арнайы инклюзивті мектеп ашу кезек күттірмес мәселе. Бұл ұсыныс қолдау тапса, осы орталықтың мамандары әдістемелік тұрғыда көмек көрсетуге даяр. Мәжіліс депутаты ата-аналар мен әлеуметтік сала өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы уақытта оң шешім шығуына ықпал жасайтынын жеткізді.

ДИНАРА НАУМОВА – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ // Мұнда айтылған ең өзекті мәселенің бірі, дамуында ерекшелігі бар балаларға субсидия ретінде мемлекет тарапынан көмек көрсету жайы. Маған бұл жағдай жақсы таныс. Біздің партияның да негізгі ұстанымы осындай қордаланған әлеуметтік мәселелерге үн қату. Алда әлі бірнеше өңірді аралаймын. Тұрғындардың ұсынысын жинақтап, тиісті құрылымдарға депутаттық сауал жолдау ойымда бар. Заңдық тұрғыда өзгерістер енгізуге де мәжілісте өз жобамды ұсынамын/

Мәжіліс депутаты аялдаған оңалту орталығында тәулігіне 230 балаға жеке және топтық түрде бейімдеу сабақтары жүргізіледі. Мұнда еліміздің өзге де аймақтарынан арнайы келіп қызмет алушылар көбейген. Динара Рустамқызы орталық мамандарының кәсібилігін оң бағалап, педагогикалық машықты кеңінен қолданысқа енгізу жөн екеніне тоқталды.