Қызылордада гандболдан ел біріншілігінің қорытынды туры мәресіне жетті. Командалар Шымкент, Алматы қалаларындағы еншілеген ұпайларын жинақтап, қорытынды турда жеңімпазды анықтады.
Бұл елордада өткен суперлиганың ақтық ойындарынан кейінгі екінші қорытынды турнир - жоғары лига ойындары. Ел біріншілігінде 6 команда бақ сынады. Ойындар айналмалы жүйе бойынша өтіп, 3-турдың қорытындысымен ең көп ұпай жинағандары жеңіс тұғырына көтеріледі.
ОЛЬГА ЕГУНОВА – ГАНДБОЛДАН ОБЛЫСТЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
/Бұл 32-ші Қазақстан чемпионатының 3-ші – шешуші туры. Бұған дейін екі тур бойы командалар ұпай жинады. Ал, жарыстың қорытындысы Қызылорда қаласында анықталады. Ойыншылардың деңгейі жоғары. Әр матч қызықты әрі тартысты өтіп жатыр. Бұл қуантады/
Чемпионатта қызылордалық қыздардан құралған «Қайсар» тобы да өнер көрсетті. Былтыр бірінші лиганың күмісін жеңіп алған бұрымдыларымыз биыл жоғары лигаға жолдама алған еді. Мұнда, деңгей бөлек, ойыншылар басқа. Дегенмен, қыздарымыз қайсарлық танытып, жоғары лигадағы алғашқы бәйгесінде қола жүлдені қанжығалады. Ал, суперлигада Сырдың супер командасы 14-ші рет чемпион атанды.
ОЛЬГА ЕГУНОВА – ГАНДБОЛДАН ОБЛЫСТЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
/Өз алаңымызда ойнап жатқандықтан қыздарымыз ерекше жігер танытты. Жуырда ғана «қайсардың» негізгі құрамы суперлигада жеңіске жеткен соң, жастарымыз да жеңіске ұмтылды. Нәтиже жаман емес бірінші ойындарында жүлде алып отыр. Ал, команда құрамына келер болсақ, топта жаңа есімдер пайда болып жатыр. Болашақта суперлигада көріп қалуымыз мүмкін қыздар бар/
Қола Қызылордаға бұйырса, күмісті қарағандылық қыздар жеңіп алды. Ал, 2024 жылғы жоғары лиганың жеңімпаздары «Шымкент» құрамасы. Жарыс жүлдегерлері мен чемпиондарына арнайы кубок, медаль, дипломдар табысталды.