Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының саммитіне келген Президенттермен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке-жеке кездесті.

Алдымен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен жүздесті. Жиынға арнайы келгені үшін және Астананың бастамалары мен басымдықтарын тұрақты түрде қолдап келе жатқанына ризашылығын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ – Саммитке Сіздің қатысуыңыздың мәні зор. Себебі 1996 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастауында болған президенттердің бірісіз. Менің ойымша, бұл ұйым – шын мәнінде, тиімді, беделді әрі демократиялық бірлестік. Ертеңгі саммит табысты өтеді деп үміттенемін.

ЭМОМАЛИ РАХМОН – ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ - Сізді Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуіңізбен құттықтаймын. Біздің елдер арасындағы сауда-экономикалық серіктестік қарқынды дамып келеді. Рухани һәм гуманитарлық байланыс та нығая түсуде. Сізбен екі ел арасындағы арақатынастың перспиктиваларын талқылап, өңіраралық және халықаралық мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге дайынмын.

Мұнан соң, Президент Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесті. Саяси жиынға құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Ал, Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ – Мен Бакуге және Шушаға жасаған сапарымды үнемі еске аламын. Бұл, шын мәнінде, бетбұрысты, маңызды, тарихи мәні бар сапар болды десек, артық айтқандық емес. Келіссөздер барысында біз бірқатар стратегиялық сала бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бердік.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ – ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ - - Шынында да осы кезге дейін екі ел арасында талқылаған, келісілген бағыттар бойынша оң динамика байқалады. Ортақ жобаларға келсек қазір транспорттық инфрақұрылым өте өзекті. Сондықтан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану үшін жұмыла жұмыс істеп жатырмыз.