Журналистер қауымының кәсіби мерекесіне орай қала әкімдігі де облыс орталығының жетістігі мен өзекті мәселелерді қаузап жүрген әріптестерімізге құрмет көрсетті.

Төртінші билік өкілдерін төрге шығарған «Ұшқыр қалам» кеші бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Еркін форматтағы жиында сала ардагерлері мен жас жазармандар түрлі аталымдар бойынша марапатталып, сыйлыққа спорттық велосипед пен өзге де бағалы сыйлықтар табысталды. Кәсіби мерекеде мерейі өскен үздіктер қатарында «Qyzylorda» телеарнасының қоюшы режиссері Нұрлыбек Шахметов пен телеоператор Рамазан Жүсіпбек те бар. Бір айта кетерлігі, биыл қала ақпаратының жаршысы «Ақмешіт апталығы» газетінің құрылғанына - 30 жыл. Сондай-ақ, Қызылорда қоғамдық телеарнасы ширек ғасырлық мезетті еңсерді. Сондықтан салтанатты кеште қос ұжымға ерекше құрмет көрсетіліп, әріптестеріміздің еңбегі дәріптелді.