Футболдан ел чемпионатының 13-турында «Қайсар» «Ордабасымен» ойнады. Сырт алаңда дала қасқырлары қарсыласқа есе жіберді.

8 ойын жеңілмеген «Қайсар» Шым қалаға қайраты тасып барды. Соңғы матчтарда Тұранмен тең түсіп, Жетісуды жеңген жерлестеріміз Ордабасының ойынын зерттеп-зерделеп, тактикалық тұрғыда жоспар құрып барды. Мұнысы матч басталысымен байқалды. Ә дегеннен-ақ Айбар Жақсылықов қақпашымен бірге-бір шығып, 7-минутта есеп ашты.

Қайсардың қауіпті шабуылдары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Шымкенттің қақпасына бірнеше мәрте соққы жасады. Бірінде қақпашы қайтарса, енді бірінде қақпадан сәл қиыс кетті соққылар. Десе де, бірінші тайьды қызылордалықтар өз пайдасына жазды. Жанкүйерлер риза, спорт сарапшылары қайсардың жылдам голын жақсылыққа балады.

Екінші таймды да жерлестеріміз жақсы бастады. Қорғанысы тас қамал, шабуылы ширақ. Дегенмен, екінші таймның басында Валерий Громыко ереже бұзып, Қайсардың қақпасына қауіпті стандарт белгіленді. Шымкенттік шабуылшы Жасур Яхшибоев сол аяқпен жақын бұрышты дәл көздеді, гол. Сикая допқа қанша қол созғанымен жете алмады.

Таразы басы теңесті, ойын қайта басталды. Енді екі тарапқа да гол керек. Осыны ескерген бапкерлер біраз ротация жасады. Алаңға тыңнан аяқдопшылар шығарып, ойынға қан жүгіртті.

 Бұл жолы да алғаш болып Қайсар ойыншылары қарсыластың қақпасына қауіп төндірді. Тіпті, матчтың 66-минутында дала қасқырларының есепті еселейтін тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ, қақпашымен бірге-бір шыққан Дмитрий Бородин гол соға алмады. Шахизада шапшаң қимылдап, қауіптің бетін қайтарды. Онан соң баспен бағыттаған соққыны да алып шықты.

Футболда сен соңпасаң саған соғады деген жазылмаған ереже бар. Гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберген біздің жігіттер өз қақпасына доп өткізіп алды. Қақпа алдындағы қарбалас сәтте Дэмбо Дарбо есепті еселеп кетті.

Сонымен, қорытынды есеп 2 де 1, оңтүстік дэрбиде Ордабасы Қайсардың алдын орап кетті. 13 турдан кейін шымкенттік топ көш басындағы орнын сақтап қалды. Ал, Қайсар болса сегізінші орынға сырғыды. Ендігі кезекте 13 шілдеде қасқырлар өз алаңында Елім-айды қабылдайды.