Өңірде «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясын қолдаушылар қатары артып келеді. Кезекті іс-шарада шалғайда орналасқан елді-мекен кітапханаларына әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармалары мен балаларға арналған түрлі жанрдағы туындылар табысталды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталды. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген болатын. Осыдан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бастамасымен «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы бастау алды. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Акция аясында Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тағылымды іс-шара өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың атынан Арал ауданына қарасты Құланды елді мекенінің, сонымен қатар Қазалы мен Шиелі ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне соңғы шыққан әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармалары мен балаларға арналған түрлі жанрдағы туындылар табысталды.

Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова кітапханаға баратын оқырмандармен қатар, түрлі клубтарға мүше кітапқұмарлар саны да көбейгенін атап өтті. Сондықтан, қаладағы кітап оқуға арналған коворкинг орталықтарының жұмысын жандандыру керек дейді. Айта кетейік, алдағы уақытта акцияға өзге мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтар атсалыспақ.