Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылының құрылғанына 60 жыл толды. Осыған орай шалғайдағы елді мекенде мәдени-танымдық іс шара ұйымдастырылып, ауылдың дамуына атсалысқан азаматтар мерекелік медальмен марапатталды.

 Қуаңдария кеңшары 1964 жылы қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған. Елді мекеннің іргесі бекітіліп, «Шалғасқат қыстауы» деп аталатын жерге қазығы қағылды. Шаруалар жаздың аптап ыстығында Қызылдың құмында қой бағу оңай емес,- дейді. Сондықтан ұсақ мал күндіз көлеңкелеп, жайылымға кешке ғана шығады екен. Шопандар сондай қиын жағдайға қарамастан қаракөл қойының санын елу мыңға дейін жеткізген.

  ЗАЛ ШӘЙМЕРДЕН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ \Бұл жерде қаракөл қойы, оның ішінде сұр түсі өсірілді. Ол кезде мемлекеттік ең таза валютасы сол сұр қаракөл еді. Жаман болған жоқ, совхоздың халқы еңбекшіл, малдың жем шөбін өздері дайындап қызмет жасады.

 Ауылдың 60 жылдығы аясында еңбек ардагері, журналист Шегебай Құндақбаевтың «Шалғасқаттан Қуаңдарияға дейін» атты кітабы жарыққа шықты. Жинаққа Қуаңдарияның тарихы, жер су атаулары, ауылдан шыққан белгілі азаматтар туралы деректер енгізілген.

 Түтіні түзу ұшқан, тірлігі өрке басқан Қуаңдарияда соңғы жылдары байыпты бастамалар жүзеге асып жатыр. Атап айтсақ, 2022 жылы ауылға жаңадан клуб салынса, биыл фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталды. Мұнан бөлек елді мекенді абаттандыру, көркейту, көгалдандыруға басымдық берілуде.

 ЖАНДОС ЕРКІНБЕК, АУДАН ӘКІМІ \Жылдың аяғына дейін медициналық пунктің құрылысын толығымен аяқтап, халықтың игілігіне береміз деп отырмыз.....

 Салтанатты шарада ауылдың дамуына атсалысып жүрген азаматтар мен еңбек ардагерлері мерекелік медальмен марпатталды.

Мерекелік кеште аудан өнерпаздары жырдан шашу шашса, балуандар боз кілемде белдесті. Білекті жігіттер гір тасын көтеріп, қол күрестірді. Спорттың жарыстардан ауылдың қыз-келіншектері де қалыс қалған жоқ. Қол күрестіріп, өзара мықтыны анықтады.

 Қуаңдарияның алпыс жылдық мерейтойы ат бәйгесімен қорытындыланды. Көршілес аудандардан келген шабандоздар тұлпар тақымдап, аламанда атой салды.