Туған жер, өскен-өлкеңді түлетемін десең, көл-көсір қаржы, ен байлықсыз-ақ ебін табуға болады. Бастысы, нақты ниет болса болғаны. Бұған Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылының азаматы, қарапайым мұғалім Серік Молдабековтің үлгілі ісі дәлел. Ол өз үйінің ауласынан өз қолымен шағын спорт зал салып, бүгінде ауыл жастарын каратэ-до спортына баулып келеді. Жаны жайсаң жан мен шағын бөлмеде шыныққан чемпиондар турасында тілшіміз тарқатады.

Серік Молдабеков дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мектепте оқушыларға шығыс күресінің қыр-сырын үйретеді. Алайда, Дүр Оңғар ауылындағы білім ұясының спорт залы шағын. Балалардың бәрін бір мезетте қамту мүмкін емес. Сондықтан жаны жайсаң жан қолда барды ұқсатып, өз үйінің ауласын спорт кешеніне айналдырыпты. Екі бөлмелі жаттығу залының қабырғасын жалғыз өзі қалаған. Бүгінде мұнда елді-мекендегі 70-ке жуық оқушы шеберлік шыңдап, түрлі жарыстардан олжалы оралып жүр.

СЕРІК МОЛДАБЕКОВ – ЖАТТЫҚТЫРУШЫ // Әдепкіде қиындау болды. Жаттығатын жер жоқ болды. Тоқтап қалған балабақшаның бөлмелерін пайдаландық. Одан қалды 3 бөлмелі дәріхананы спорт зал қылған кезеңдер де болды. Ең бастысы, ауыл жастарын көтеру, спортқа деген құлшыныстарын арттыру мақсатында аштым. Бұрынғы бітіріп кеткен оқушыларым бар, ауыл жастары бар, асар жасап іргетасын құйып, кесегін бір өзім өріп шықтым шындығына келгенде. Екі жыл көлемінде салып бітірдім//

Спорт маманы шағын залды іске қосқанына 10 жылға таяпты. Осы кезге дейін 300-ге жуық шәкірт тәрбиелеген. Алды халықаралық додаларда олжалы болды. Шыны керек, каратэ-до спорты адамды ептілік пен шыдамдылыққа баулиды. Әрине, мұнда шеберлік шыңдаған оқушылардың барлығы бірдей кәсіби спортшы болмасы анық. Дегенмен, бой түзеп, ой түзеп, дұрыс азамат болып қалыптасары анық. Ең бастысы, жастарға жол көрсетуді көздеген азамат еселі еңбегіне ақы сұрамайды.

АЯН ТҰРЖАНОВ – ОҚУШЫ //Ағайымыз бір жақсы жері ешкімді бөлмейді, өз баласындай көреді. Мынадай аядай жерде дайындалып жатсақ та, талай чемпион шығарып жатыр. Талай жарыстарға қатысып жатырмыз ағайымыздың арқасында. Ағайымызға көп-көп рақмет, бас иеміз!/

АЙЗЕРЕ ДӘУЛЕТБЕКОВА – ОҚУШЫ // Бұл спорт залда жаттығу жасап, талай жарыстардан бірінші орын алдым. Төрт жарыстан алтын медаль алдым. Сикош ағайдың мақтанышы болу біздің арманымыз және осы ауылымыздың, ауданымыздың, облысымыздың атын шығару мақсатымыз//

Жаттығу залында гір тасының түр-түрі бар. Физикалық шеберлікті шыңдайтын бірнеше құрылғы қойылған. Кейіпкеріміз мұның бәрін өз қолымен жасапты. Яғни, жарамсыз жатқан трактор мен ауыр жүк көліктерінің бөлшектерін кәдеге асырған. Осылайша қиыннан қиыстырып, жастарды жақсылыққа ұйыстырып отыр.

СЕРІК МОЛДАБЕКОВ – ЖАТТЫҚТЫРУШЫ // Ата-ананың сеніміне кіргеннен кейін ба, әлде балалардың қызығушылығының артқанының арқасы ма екен әйтеуір балаларын әкеле береді ата-аналар. Қазақта бір мақал бар ғой: еті сенікі, сүйегі менікі дейді ғой. Алты жастан бастап кішкентай балаларды тәрбиелеп келе жатырмыз. Бірақ баламен жұмыс істеу оңайға соқпайды. 06:20 Қарап отырсақ, әр мамандықты шын сүйген адам оны әрі қарай дамыту үшін кез-келген қиындықты жеңіп шығуға болады екен. Кезінде бізде мүмкіншілік болмады. Кезінде мен көре алмадым-ау деп қайтсем де артымнан келе жатқан шәкірттерім көрсін деп жұмыс жасап жатырмын/

Еңбек, уақыт, жеңіс. Ауыл жастарын спортқа баулыған азаматтың басты бағдары осы. Айта кетерлігі, темір-терсек көтерсе де талай тұғырды бағындырған Дүр Оңғар ауылының спортшылары үшін қуанышты жаңалық. Елді мекеннен су жаңа спорт кешені салынып жатыр. Көптен күткен нысан іске қосылса, аядай ауылдан әлі талай тарлан түлеп, көк байрақты төрге тұтарына сенім мол.