«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы геологиялық барлау жұмыстарын арттыру, жаңа аумақтарды зерттеу және инновациялық технологияларды енгізу мақсатында Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясымен бірлесіп жұмысты жандандырмақ. Бұл туралы Сыр өңірінде өткен Қазақстан-CNPC ІІ техникалық семинарында сөз болды.
Қазақстан мен Қытайдың түрлі салада әріптестік байланысы әріден басталған. Соңғы жылдары энергетика және мұнай-газ саласында бірлесе атқарған серпінді жобалар жетерлік. Сондықтан мұнай-газ мәселесін талқылау алаңы ретінде біздің өңірдің таңдалуы кездейсоқ емес. 2013 жылы аймақта 11 млн тонна қара алтын өндірілсе, былтыр бұл көрсеткіш 4 млн тоннаға жеткен. Биылғы болжам одан тағы 3 пайызға төмен. Кен орындарындағы қордың сарқылу жағдайында жаңа аумақтарды зерттеу мен геологиялық барлау жұмыстарын арттыру маңызды.
Биыл мамыр айында «ҚазМұнайГаз» Торғай алабында өз қаражатына 5500 метр тереңдікте ұңғыманы бұрғылауды бастады. Бұрын бұл аймақта дәл мұндай тереңдікте ұңғыма бұрғыланған емес.
Жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық барлау көкжиегін Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария тәрізді аз зерттелген бассейндерге дейін кеңейту қажет. Ал мұндай жұмыстарға толық ауқымды геологиялық барлау мен халықаралық тәжірибелер талап етіледі.
ЧЖАН ДАОВЭЙ – ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ МҰНАЙ-ГАЗ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
//Мәселен Каспий ойпатының солтүстігі тектоникалық құрылымы жағынан, геологиялық жағдайлары ұқсас. Сондықтан қос тарап мұнай және газды барлау және игеру бойынша тәжірибе алмасуға болады. Өткен жылы Шыңжаңда басталған мұнай-газ саласындағы байланыс жалғасып жатыр. Бұл кездесуде біздің компания 7 техникалық есеппен бөлісуде. Оның ішінде әлемдік энергетикалық үрдістерді талдау және Қытайдың энергетикалық трансформациясы, терең сейсмикалық барлау, жоғары жоғары қысымды каратаж, мұнай өндіруді арттыру секілді мәліметтер бар. Мұның бәрі ынтымақтастықты тереңдете түседі. //
Семинар барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК және CNODC компаниясы құпиялылық туралы шартқа және Каспий маңы бассейні шығыс учаскесінің геологиялық барлау әлеуетін бірлесіп зерттеу жоспарына қол қойды. Сондай-ақ облыс әкімдігі, Энергетика министрлігі және «Қазгермұнай» БК» ЖШС өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға отырды.