Биыл қазақ әдебиетінің қара нары, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына – 100 жыл. Осыған орай Алматы қаласында халықаралық конференция ұйымдастырылып, заңғар жазушы 47 жыл тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Адалдық пен парасаттылықты ту еткен жазушының құрметіне орай өткен аптада Сыр өңірінде бірқатар жиын өтті. Ауқымды шаралар легі ізін ала Алматы қаласында жалғасып, қағілез қаламгердің шығармашылық мұрасы насихатталып отыр. Халықаларық конференцияға еліміздің зиялы қауым өкілдерімен қатар, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Литва елінің қаламгерлері арнайы қатысты. Олар классик жазушының сан түрлі тұлғалық қырларына тоқталып, шығармашылығы туралы сөз етті. Жиында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып, мерейтойлық шаралар өзге де өңірлерде жалғасатынын жеткізді. Мұнан соң заңғар жазушы 47 жыл тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, есімі ұлықталды.