Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына және Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция аясында аймақ кітапханашылары тәжірибелі мамандардан дәріс тыңдап, интеллектуалды ойындарға қатысып, ой серпілтті.

Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастыратын – кітапханашылар. Сондықтан кітап ордасын күзететін қызметкерлердің біліктілігін арттырып тұру маңызды. Семинар барысында кітапхана ісін цифрлы форматқа ауыстыру және көне кітаптарды түптеп, жөндеу бойынша шеберлік сағаттары өтті. Сондай-ақ кітапханашылардың білім-білігін арттыру мақсатында «Кім, қайда, қашан» интеллектуалды сайысы болды.

НҰРЛЫБЕК МЫҢЖАС - Ә. ТӘЖІБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

«бұл семинардың мақсаты құр жиналу емес. 24-қазан кітапханашылар күні болып бекітілген. Сол мереке қарсаңында кітапхана ісін дамытудың мәселелерін бірігіп талқылау. Сонымен қатар Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадан, Алматыдағы Ұлттық кітапханадан жетекші мамандарды шақырып, тәжірибе алмасу, шеберлік сағаттарын өткізу, сол жұмыстар болып жатыр».

МЕРУЕРТ ӨСКЕМБАЕВА - ҚР ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ РЕСТАВРАТОР МАМАНЫ

 «жалпы біздің Қазақстанда кітап түптеу мамандары өте аз. Әр кітапхана кітап жөндейтін бөлім ашылса деп армандаймыз. Неге десеңіз кітап көп, қолжазбалар көп. Оларды сақтау үшін, келесі ұрпаққа жеткізу үшін осындай жұмыстар керек. Біздің местер-класымыз парақтарды, кітаптарды қалпына келтіру, соны әріптестерге көрсететін боламын».