Париждегі ХХХІІІ жазғы ойындардың басталуына 16 күн қалды. Бүгінде қазақстандық спортшылар Олимпиадаға іріктеу турнирлерін толық аяқтады. Франция астанасында спорттың 25 түрінен 80 спортшы ел намысын қорғайды. Және осы спортшылардың ішінде 54 атлет жазғы ойындарға тұңғыш рет қатысқалы отыр.
Естеріңізге салайық, Қазақстан спортшылары арасынан Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын мерген Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Нысана көздеу шебері Әзербайжанның Баку қаласында өткен лицензиялық әлем чемпионатында үздік төртікке енген болатын. Олимпиада ойындарының квотасы негізінен әлем чемпионаттары мен құрлықтық, әлемдік іріктеу турнирлерінде және әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша таратылды. Соның ішінде, боксшылар арасындағы жолдама Ханчжоудағы Азия ойындарында үлестіріле бастады. Міне сол жазғы Азия ойындарында жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев лицензия мәселесін шешіп алды. Әйелдер боксынан Қазақстан командасының мүшелері Назым Қызайбай мен Валентина Хальзова да Бангкоктегі құрлықтық іріктеу сынында оқ бойы озық шықты. Әлем чемпионаттарында жолдама жеңіп алғандар қатарында спорттық гимнастика өкілі Милад Карими, еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков пен Мейрамбек Қартбай және грек-рим күресінің өкілі Нұрсұлтан Тұрсынов, нысана көздеуші мерген Ислам Сәтпаев сынды спортшыларымыз бар. Сондай – ақ, жеңіл атлетикадан жеті спортшы, теннистен бес спортшы рейтинг бойынша іріктелді. Олар бүгінде Олимпиадаға қызу дайындық үстінде.