«Жастық шағымның куәсі – Қызылорда!». Облыс орталығында ескі де есті әндерге арналған кеш ұйымдастырылды. Қала күні мерекесі аясында өткізілген ретро-фестивальге аймаққа белгілі 5 вокалды аспаптар ансамблі қатысты.
Ашық аспан астында өткен мәдени шара «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Он алты қыз» әніне құрылған қойылыммен басталды. Өнер кешінде қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
ДАРХАН ТҰРСЫНБАЕВ – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
// Ән мен өнерде ұлт, болмайды, тіл болмайды, жас болмайды. Онда еңбектеген баладан, еңкейген үлкен кісілерге дейін жүрегінен орын алған бұл есті әндер, яғни ретро әндер. Біздің Қызылорда аймағымыздың өзінде Р.Бағланова, М.Ералиева, кешегі өмірден өткен Б.Шүкенов. Бұл кісілердің әндерінің бәрі ретроға айналды. Алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз. Бұл біздің өткенімізді еске алып, болашақ жастарға деген сәлемдемеміз болады.
Кеш барысында өңіріміздің мәдени-рухани тынысына дем берген бірқатар өнер майталманы мен ансамбль жетекшілері қала әкімінің алғыс хаты және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
ЖАҒЫППАР ТАЖМАХАНОВ – ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
// «Жастық шағымның куәсі – Қызылорда!» деп аталады, бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат: ескі, есті әндерді қайта жаңғырту, насихаттау. Бір жағы вокалды инструменттер ансамбілдердің қайта басқосуларын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу секілді, шығармашылық байланыстарын нығайту мақсатында.
ҮСЕН БАҚБЕРГЕНОВ – «СЕЗОН» ВОКАЛДЫ АСПАПТАР АНСАМБЛІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
// Бізде екі ансамбль болды. Егізім Асан екеуміз 1980 жылы осы ансамбльді құрдық. Және қаланың әртүрлі мерекелерінде, үйлену тойларда ән шырқадық. Біз сол кездің замануй әрі танымал әндерін орындадық. Ал қазір жастар басқа әндерді орындайды. Біздің репертуарымызда 25-ке жуық өз әніміз бар. Барлықтарыңызды осындай ретро фестивальдерге шақырамын.
Сыр аспанын әнге бөлеген кеште, 80-90 жылдардағы көптің жүрегінен орын алған, шетелдік және қазақ композиторларының әндері шырқалды.