Негізгі Жаңалықтар Сөз бен сазды үйлестірген өнер иесі

Сөз бен сазды үйлестірген өнер иесі

#qyzylordatv 

Сыр өңірінің талантты тумасы, композитор, ақын Бақытбек Махамбет «Өмір жолы» атты шығармашылық кешін берді. Сөз бен сазды үйлестіріп, қазақ өнерінің дамуына үлес қосып жүрген мәдениет майталманы ұзақ жылдан кейін көрерменмен қайта қауышып, халықтың қошеметіне бөленді. 


Бақытбек Махамбет ән атасы Нартай туған киелі Шиелі өңірінің тумасы. Өнерлі отбасында дүниеге келген ол жастайынан әнге құмар, домбыра мен гитараға жақын болып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде вокалды-аспапты ансамбль құрып, әнші әрі ритм-гитара орындаушысы ретінде сахнаға шықты. Студент кездеде көптеген байқауларға қатысып, талантымен талайды таңырқатты. Бақытбек Шахзадаұлы гидротехник мамандығын меңгерсе де өнерден қол үзген жоқ. Өндірісте еңбек ете жүріп, «Қаратау», «Махаббат мейрамы» атты тырнақалды туындыларын жазды. Осылайша сазгерлікке бет бұра бастады. 


БАҚЫТБЕК МАХАМБЕТ, САЗГЕР, АҚЫН 

Оншақты жылдың ішінде 20-25 ән жазыппын балалар әніне. Сонымен қатар лирикалық, патриоттық әндер дүниеге келді. Былтыр Қызылордаға келіп қайтадан Астанадан бір жылдың ішінде 30-40 ән жазыппын. Бұлда болса туған жердің құдіреті шығар...


 Кеште шығармашылық иесіне қала әкімінің, қалалық ардагерлер ұйымымен жергілікті композиторлардың атынан құттықтаулар табысталып, құрмет көрсетілді. 


 Бүгінде өрелі өнер иесінің қоржынында жүзге жуық ән бар. Соның ішінде әсіресе «Бәйтерек», «Ән-арман», «Туған жер», «Ақылшым әкем», «Ән-салам», «Дархан далам», «Менің атам», «Ел Орда» секілді туындылары тыңдарман жүрегінен жол тапқан. Концертте Бақытбек Махамбеттің шоқтығы биік шығармалары орындалып, елдің ыстық ықыласына ие болды. 


 Кешке сазгердің қарындасы, белгілі балалар композиторы, мәдениет қайраткері Алтын Махамбет арнайы келіп, Сыр сахнасын сәнге, тыңдарманды әсем әнге бөледі. 


 Бақытбек Шахзадаұлы зейнетке шықса да өнерден алыстаған жоқ. Қазіргі уақытта «Ұлағат» ардагерлер ансамблінің құрамында ән шырқап, мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүр. 


Бөлісу