Негізгі Жаңалықтар "Заң мен тәртіп": Студенттермен кездесу өтті

"Заң мен тәртіп": Студенттермен кездесу өтті

#qyzylordatv 

Соңғы уақытта бұзақылық әрекеттер мен пышақ жарақатын салу деректерінің жиілеуі - шұғыл шараларды талап ететін өзекті мәселеге айналды. Қаланың криминогендік ахуалы «Заң мен тәртіп» аясында өткен кездесуде сөз болды. Прокурор, адвокат, журналист пен студенттер қатысқан жиыннан тілші бейнематериалы. 


Жас буынның өзара есеп айырысуы неліктен қанды оқиғалармен аяқталып жатыр? Мұның артында не тұр: тәрбиенің әлсіреуі ме, әлде құқықтық сауатсыздық па? Аймақтағы криминогендік ахуалды тұрақтандыру үшін қандай шаралар жасалып жатыр? Басқосуда құзырлы орган өкілдері осы сауалдарға жауап беруге тырысты. Статистикаға сүйенсек, биыл облыс орталығында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 25 қылмыс тіркелген.


Студенттермен кездесуде журналист Руслан Өтепбай синтетикалық есірткілердің жастар арасында таралуына алаңдаушылық білдірді. Ол жастарды әлеуметтік желі арқылы жеңіл ақша табудың арбауынан аулақ болуға шақырды. Өйткені, мұның артында есірткі саудасы болуы мүмкін.


Жастар арасында осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін шаһарда «Қауіпсіз қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру, жауапкершілікті қалыптастыру бағытында жастармен жиі кездесулер ұйымдастырылып келеді. 

Заң – еркіндікке тұсау емес, жарқын болашақтың кепілі. Қауіпсіз қоғамда өмір сүргіміз келсе, әрқайсымыз, әсіресе жастар, өз ісімізге жауап беруді үйренуіміз керек.

Бөлісу