Негізгі Жаңалықтар «Қара алтын» фильмінің авторлары қызылордаға келді

«Қара алтын» фильмінің авторлары қызылордаға келді

#qyzylordatv 

Руханият әлемінен ақпар. Қызылордалық талғампаз көрермендер шынайы оқиғаға негізделген «Қара алтын» фильмін авторлармен бірге тамашалады. Көркем туындының режиссер, сценаристі Мұрат Есжан мен продюсері Айсәуле Әбіл жұртшылықпен жүздесу үшін Сыр өңіріне арнайы келді. Мазмұнды фильмнің тұшымды тұстары мен көрермендер пайымын әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.

 

 «Қара алтын» шынайы оқиғаға негізделген мотивациялық бизнес-драма. Басты кейіпкер кәсіпкер Қасым Исағалиевтың тәп-тәуір құрылыс кооперативі бар. Бірақ ол мұнай саласына ойысып, тұңғыш отандық компания құруды көздейді. Шыны керек, тоқырау жылдары қара алтын қазбақ түгілі, қара басты сақтау оңай болмады. Ешкім сенбеген арманның шылбырынан ұстау, әрине, қиын. Бірақ, Қасым табандылық танытсаң, шын қалаған дүние шындыққа айналатынын дәлелдей білді. 


 90 жылдар. Қылбыраулы қиын кезең. Үлкен арман – үлкен кедергі. Фильмде кейіпкердің бюрократиялық кескестеуден кетілмеуі, инвесторлармен келіссөз кезінде елдік мүддені алға қоюы және ең алғашқы бұрғылау жұмыстары шынайы көрсетілген. Ең бастысы, «Қара алтын» тек мұнай хақын қаузаған фильм емес. Туындының негізгі лейтмотиві ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген сөзі алынған. Автор бұл фильм мидағы идеядан өнімге айналам дегенше 2 жылдан астам уақытын сарп еткенін айтады. 


 Қызылордалық талғампаз көрермен мазмұнды фильмді екі сағат бойы табжылмай тамашалады. Себебі, оқиға желісі жұп-жұмыр өрілген. Көпшілік енді не болар екен, деген ойдың құшағында отырды. Айта кетейік, «Қара алтын» фильмі оныншы қыркүйектен бастап отандық кинотеатрларда көрсетіліп келеді. Енді бірер күнде кестеден алынады. Сондықтан, шынайы оқиға желісімен түсірілген ойлы туындыны әлі де тамашалауға мүмкіндік бар. 


Бөлісу