Батырлық пен отансүйгіштікті бойына сіңірген қос қыран: Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, Қызылордада «Ерлік даңқы ешқашан ұмытылмайды» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жас сарбаздар қатысты.
Қос қыран – Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев тарихта өшпес із қалдырған ірі тұлғалар. Екеуі де ел үшін туған ер, қайтпас қайсар мінездің иелері еді. Жиын барысында қаһармандардың ерлік істері мен тағылымға толы өмір жолы баяндалды. Сағадат Нұрмағамбетовтей рухты азаматты көзі көрген Мақсұт Нәлібаев ескірмейтін естелігімен бөлісті.
МАҚСҰТ НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Көптеген мағлұматтар айтылып жатыр, ғалымдар тарапынан, мен өзім Сағадат Нұрмағамбетовпен 15-20 жылдай араласып, сұхбаттасқан адаммын. Ол тек армия генералы емес, «Халық қаһарманы» нөмірі бірінші. Ол жүректі азамат, ол өте білімді, білікті, зиялы азамат. Шешімді өте байыппен, салмақты қабылдайтын. Әр уақытта ешкімге дауыс көтермей, нақты шешімдер қабылдайтын.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігі мен өрлігі ұмытылмайды.
ТАСТАНБЕК СӘТБАЙ –ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Ерлікке толы Кубаньды азат етуге, Беларуссия, Украинаны, Берлинді азат етуге қатысқан. Соғыс аяқталғанан кейін М.Фрунзе атындағы әскери академияда оқыды. Ол кісінің өмірбаянын қарап отырсаңыз не деген батыр сияқты бірақ жандүниесі, рухани өмірі сондай нәзік. Даңқты Сағадат Нұрмағамбетов ұлттың ұлы азаматы.
Берлинде соғыстың соңғы нүктесін қойып, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевтың қаһармандығы өз алдына бөлек әңгіме.
АЙГҮЛ ІЗТІЛЕУОВА – ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
1963 жылы Қазақстанға герман республикалық федерациясынан неміс журналисті Рақымжан Қошқарбаевты іздеп жүрмін деп келген. Қазыбаев сыбысты естігесін, журналистпен кездеседі. Кездесу кезінде ол Қазыбаевқа сарғайып кеткен листовканы көрсетеді. Ол листовкада «ең бірінші туды тіккен Р. Қошқарбаев» деген жазу болады. Соны неміс тілінен бірден орыс тіліне аударған екен.
ДИНАР РАХМАН – САРБАЗ
Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың, Сағдат Нұрмағамбетовтың ерлік істері ұлықталып жатқанына қуаныштымыз. Бізде енді Отанымызды қорғауға, антымызға берік болуға сөз береміз.
Отты жылдардың өшпес шежіресі һәм ерліктің ерен үлгісі шертілген тағылымды іс-шара жас сарбаздарға патриоттық рух сыйлады. Ғылыми-танымдық конференцияның басты мақсаты да осы. Ерлікті дәріптеу арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.