Сыр сахнасында белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақстан және Татарстан республикасының Халық әртісі, опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші өтті. Концертті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері және аудандардан арнайы шақырылған делегация тамашалап, рухани азық алып тарқасты.

 «Мен сенімен кездестім». Қазақ өнерінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген тарлан талант иелерінің шығармашылық кеші осылай аталады. Төлеген Мұхамеджанов пен Нұржамал Үсенбаева ең алғаш Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алып жүрген кезінде танысқан. Міне, содан бері өмірде де сахнада да қол ұстасып, бірге жүр. Жұлдызды жұпты Сыр жұртшылығы ерекше қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетті.

 Сахна шымылдығы Төлеген Мұхамеджановтың «Астана» симфониялық картинасымен ашылды. Дирижері «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеулімжай Ботабаев. Мұнан соң белгілі опера әншісі Нұржамал Үсенбаева облыстық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен шетел композиторларының оперетталарынан ариялар орындады.

 НҰРЖАМАЛ ҮСЕНБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ \\Қасиетті Сыр еліне үлкен қуанышпен келіп отырмыз. Қала қазір өте қатты өзгерген. Ең басты айтатыным мәденетке, өнерге көзқарасы ерекше екен басшылардың. Өйткені симфониялық оркестер кермет сіздерде. Мықты музыканттар бар.

 Концертте талантты композитор Төлеген Мұхамеджановтың қайталанбас туындылары, бүгінде ел аузында жүрген «Қимай сені барамын», «Іңкәрім-ай», «Мен деп ойла», «Аяулым», «Құс жолы» секілді әндері тыңдарман назарына ұсынылды. Соның ішінде әсіресе Сырдан шыққан белгілі өнер иесі, ән падишасы Роза Бағланованың арнайы тапсырысымен жазылған «Іңкәрім-ай» әнін көрермен автормен бірге шырқап, керемет кештің куәсі болды.

 ТӨЛЕГЕН МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, КОМПОЗИТОР \\Бұл киелі, жер, қасиетті жер. Өнер саласында ұлы тұлғалар өмірге келген жер. Соның ішінде мен үшін қымбат Роза Бағланова. Екеуміз ерекше адами қарым қатынаста болып едік. Менімен кезедскен айтатын Төкешка маған тағы бір ән жазып бер, керемет әнімді әлі орындаған жоқпын деп жүретін. Сондықтан адам шаршамау керек өнер саласында.

 Шығармашылық кеште маэстроның мәңгі музасы, сырлы үнімен ән әлемінің бұлбұлына айналған Нұржамал Үсенбаева облыстық филармония солистерімен бірге ән шырқап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.