Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердің су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды. Гидрологиялық болжамдарға сәйкес, қыста температура режимі климаттық норма шегінде болып, жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан асады деп күтілуде.

 Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте жауапты сала мамандарына су тасқынының алдын алу, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша бірқатар тапсырма жүктелді.

Су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы құрылған жұмыс топтары бүгінге дейін қорғаныс бөгеттерін қарап шығып, қауіпті учаскелерді анықтады. Қорғаныс бөгеттерін, 3 нысанды жөндеу-қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 130,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда жұмыс жүргізілуде. Су қоймаларының жобалық көлемі 34,4 млн. текше метр болса, биыл 12 млн. текше метрдей су жиналып, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз етуге, шабындықтар мен жайылымдарды суландыруға мүмкіндік туды.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМ //Біз 2023-2024 жылдардағы су тасқыны кезеңін шығынсыз өткіздік. Дегенмен, апат айтып келмейді. Алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, дайын отыруымыз қажет. Сырдария өзенінің қауіпті тұстарын жөндеу, қалпына келтіруді қысқа мерзімде аяқтаңыздар. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қордың толық болуын қамтамасыз ету керек.

Айта кетейік, мемлекет басшысы коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын, басқаратын мамандандырылған ұйымдарды үш ай ішінде құру туралы облыс әкімдіктеріне тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, өңірімізде «Арна» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі құрылды.