«Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында Шиелі ауданында да экологиялық іс-шара өтті.

 Аудан орталығындағы Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінде оқушылар робототехника бойынша түрлі қондырғыларға таныстырылым жасап, эко-конструкциялар көрмесін ұйымдастырды. Оқушылардың қолынан шыққан барлық бұйымдар экологияны жақсарту үшін жасалған.

 Мектеп оқушылары осылайша экологиялық жобаға өз үлестерін қосуда. Жасөспірімдер мұнымен тоқтап қалмай болашақта төл туындыларының үлкен макетін жасап шыққысы келеді. Мектеп ұжымы балалардың шығармашылығын қолдап отыр. Айта кетейік, бұл білім ошағының 6 оқушысы Астана қаласында өткен роботбаттл байқауында жүлдегер атанған.

 Осы күні Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің студенттерімен өткен лекция барысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды. Одан соң аудан жастары табиғатты қорғау жобасына атсалысып, өздері оқитын оқу ғимаратының ауласына тал шыбықтарын отырғызды.

 Жалпы облыс бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық шарасына 600 мыңнан аса тұрғын қатысып, 24 мың тоннадай қоқыс шығарылған. 505 саябақ, 225 тарихи ескерткіш аумағы, 800 әлеуметтік нысан, 4 мыңнан аса өндірістік және кәсіпкерлік нысан,

300-ден аса су айдындары, 48 мың көше тазартылыпты. 130 мың тал шыбықтары отырғызылған.