Дем ал! Дем алма! Иә бұл сөздерді біз жылына әрі кетсе, бір-екі рет естиміз. Бүгін - Халықаралық радиология және Рентгенолог күні. Сәулелі диагностика саласында 40 жылға жуық ғұмырын арнаған маманның бір күніне зер салсақ.
Қағаздағы иыр-шиыр жазуды екінің бірі түсіне бермейді. Тіпті дәрігерлердің өзі бұл сызбаларды білім-білігі мен тәжірибесіне қарай талдай алады. Солардың бірі - 40 жылға жуық ғұмырын сәулелі диагностика саласына арнаған білікті маман Марат Болатұлы. 1986 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітірген ол еңбек жолын облыстық ауруханадан бастаған. Бір жылдан соң қалалық ауруханаға рентгенолог болып орналасқан дәрігер 38 жылдан бері табан аудармастан еңбек етіп келеді.
Бүгінге дейін рентгенография әлемдегі ең кең таралған, жылдам және қолжетімді диагностикалық құрал. Ал оның жұмысы зиянды және қауіпті. Тіпті қажетті радиациялық қорғаныс құралдары қолданылғанымен, қауіп сақталады.
Марат Болатұлы «Уақыт өткен сайын озық технологиялардың қолданысқа енуі жұмысты ширата түсті» дейді. Қат-қабат жұмыспен қатар өз білгенін кейінгі буынға үйретуден де жалыққан емес.
Осыдан 129 жыл бұрын неміс физигі Вильгельм Конрад Рентген рентген сәулелерін ашты. Бұл диагностикадағы және терапиядағы барлық мәселелерді шешудің бастамасы болды. Бір жылдан кейін алғашқы рентген аппараты пайда болып, сезімтал пленка өндірісі басталды. Сондықтан да дәл осы күн физика және медицина ғылымы үшін де маңызды болып қала бермек.