Премьер-министр қаланың сол жағалауында жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайына барды. Олжас Бектенов заман талабына сай жабдықталған нысанның жұмысымен танысып, оқушылармен жүздесті.
Жас ұрпақты білімді әрі саналы етіп тәрбиелеу мемлекет алдындағы маңызды міндет. Осындай бастамамен бой көтерген оқушылар сарайы биыл қазан айында қолданысқа берілді. Олжас Бектеновке алдымен үйірмелер мен заман талабына сай жабдықталған кабинеттер жайында мәлімет берілді. Көпфункционалды кешен техноорталық, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжай мен консерватория, телестудия және шығармашылық үйірме сыныптарымен қамтылған. 350 орындық заманауи үлгідегі орталық бүгінде үш бағыт бойынша оқушылармен тығыз жұмыс жасауда. Оқушылар сарайының қызметімен танысқан Үкімет басшысы мұндай нысан балалар және өскелең ұрпақ үшін маңызды әрі аса қажет екендігін айтып, сала мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.
МЕРУЕРТ ӘБДІҚАЛЫҚОВА – ҚАЛАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Оқушылар сарайы балалардың мектептен тыс уақытын тиімді қамтуға арналған білім ордасы. Біз 3 бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. Шығармашылық, IT және кәсіби бағдар беру болып табылады. Бүгінгі күні оқушылар сарайының материалдық-техникалық базасы толық жаңа заманауи бағытта қамтамасыз етілген үйірмелерге оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Алдағы уақытта балаларды кеңінен қамтып, ата-аналар мен оқушылардың сұранысына сай жұмыс істеуге бағыт алып отырмыз. Өйткені, заманауи талаптарға сай оқушыларда өзінің болашақ мамандығына алғашқы қадамдарын жасағысы келеді. Сол талаптарға сай болуы үшін жаңа бағдарламалар енгізудеміз.