Облыс орталығында 14 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылды. Жоба бойынша жыл соңына дейін бас-аяғы 187 тұрғын үй осындай мүмкіндікке қол жеткізеді. Бүгінге дейін жұмыстардың 95 пайызы аяқталған.
«Астана-1» мөлтек ауданының тұрғыны Құттығали Әбиев мына пәтерде 5 жылдан бері тұрады. Үй иесі суды осыған дейін электрлі құрылғы арқылы жылытып келіпті. Енді міне, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылды.
ҚҰТТЫҒАЛИ ӘБИЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Міне, облысымызға ыстық судың бастамасы келіп, қуанып жатырмыз. Бұған дейін үйге аристон қойып, суды сонымен ысытып келген болатынмын. Қазір енді оны қоспаймыз. Давлениесі де жақсы. Рақмет көп-көп.
Бас шаһар осыған дейін орталықтандырылған ыстық су жүйесімен қамтылмаған еліміздегі жалғыз облыс орталығы болатын. Нақтырақ айтсақ, көпқабатты тұрғын үйлерге 80-ші жылдары ыстық су беру тоқтатылған. Осы уақыттан бері инфрақұрылым тозып, істен шықты. Биыл бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының қолдауымен Үкімет резервінен 11 млрд теңге қаржы бөлінді.
МҰХИТЖАН КӘРІМБАЕВ – «БАЙҚОҢЫР» ӘК КОРПОРАЦИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ
Бұл системаның көп артықшылығы бар. Бұрын көпқабатты тұрғын үйлерге қиын болатын. Біз қазір жылу жүйесі арқылы ыстық суды іске қосып, 5-ші этажға дейін судың оңай жететінін іске қостық. Яғни, жылуы бар, мұздай және ыстық суға насос қондырғыларын орнаттық. Сыртқы температураға байланысты ыстық суды реттейді. Осы желтоқсан айында көбісін қосамыз. Жұмысын осы айда бітіреміз ғой. Бірақ, үйге берудің өзі уақытты керек етеді. Өйткені, өжірелердегі жылу, су тарататын бұрынғы әрі ескірген. Кеше насостар қойып, қысыммен бергенде көп жылу тарататын қондырғылар істен шығып жатты. Сол үшін бітісімен ыстық суды бірден беретіндей үйлердің өздері де дайын болмай тұр. Сондықтан осы айда барлық жұмысты бітірсек, келесі айда қосу жұмыстарын жүргіземіз.
Осылайша «Астана-1» мөлтек ауданындағы 13 тұрғын үй мен сол жағалаудағы 1 үйге ыстық су берілді. Алдағы уақытта «Шұғыла», «Сырдария», «Сол жағалау», «Тәуелсіздік», «Бейбарыс» көшелеріндегі үйлерге кезең-кезеңімен берілмек. Айта кетейік, келер жылы тағы 237 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізіледі.