«Қармақшы ауданы бойынша сан алуан салада серпін байқалады». Бұл қарапайым тұрғындардың сөзі. Жыл көлемінде атқарылған іс пен елге болсын деген еңбек сайрап жатыр. Былтырғы жылды түйіндеп, жаңа жоспарларымен бөліскен аудан әкімі биыл да ауқымды жұмыстардың аз емес екенін алға тартты.
Аудан әкім соңғы екі жылдағы салыстырмалы көрсеткіштерді сүзгіден өткізді. Былтыр бюджет 2023 жылға қарағанда 54,5 пайызға артқан. Ал тартылған инвестиция көлемі 28,6 пайыз көбейіп отыр. Бұл жаңадан ашылған жұмыс орындарын көбейтіп, кәсіпкерлікке бет бұрғандардың санының өсуімен тікелей байланысты.
Былтырғы жыл қорытындысымен Қармақшы ауданы облыс бойынша «Егін шаруашылығы бойынша – Озат аудан» атанды. 13 мың гектар күріш алқабының әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды. Қамбаға 78,2 мың тонна астық құйылды. Егістікті әртараптандыруға ерекше көңіл бөлініп, жұртты жаппай еңбекке жұмылдыру 408 гектар бақшалық жер дайындалыпты.
Көптің көкейіндегі мәселенің бірі темір жолдың екі бетін байланыстыратын өткел жайы. Оған қажетті жобалық құжаттарға қаржы бөлінген. Жеке тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік осал топтар мен кезектілікте тұрған азаматтарға 156 пәтер сатып алыныпты. Төретам және Ақай елді мекені көгілдір отынға қосылды. Бүгінде Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысының басталуына 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл маңайдағы өзге де ауылдарға газ жеткізуге мүмкіндік береді.
Биыл жолдарды жақсарту мақсатында 35 жобаға 1,6 млдр теңге қаржы бөлініп отыр. Ірі жобалардың бірі Төретам-Ақай айналма жолы. Бүгінде мердігер мекеме анықталып, жұмыс басталуға жақын.