Қайым айтыстың қас шебері, суырып салма ақын Ұлбике Жангелдіқызының туғанына биыл 200 жыл. Осыған орай Сырдария ауданында республикалық ақындар айтысы өтті. Айтулы аламанға еліміздің әр өңірінен белгілі өнер иелері қатысып, Ұлбике ақынды ұлықтады.
Ұлбике Жангелдіқызы 1825 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданында туған. Ақын қыз 12 жасқа келгенде ғана өлеңмен сөйлеген екен. Мұны ел «Ұлбикенің көмейіне өлең ұялаған» деп бағалайды. Ол сөз шебері ғана емес, жезтаңдай әнші, даңқты домбырашы болған. Өкінішітсі, өн бойына сан өнерді сыйдырған ерекше талант иесі небәрі 24 жыл ғана ғұмыр кешкен. СНХ: РАХЫМБЕРГЕН ТОҚСЕЙIТОВ, ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ / шынайы еңбегін айтатын адам болам
Ұлбике - қайым айтыстың һас шебері еді. Оның Күдеріқожамен, Таспақожамен, Майлықожамен, Серіәліқожамен, Мәделімен айтыстары ел ауызында әлі күнге дейін аңыз болып айтылып жүр.
Жыр жүйрігін насихаттауға арналған аламанға от ауызды, орақ тілді ақындар жиналып, сөз қағыстырды. Айтыстың шымылдығын Алтын домбыра иегері, Алматыдан келген арқалы ақын Рүстем Қайыртай мен жақында ғана Күміс домбыра еншілеген Сырдың сақа ұлы Бексұлтан Орынбасаров ашты. Мұнан соң қарағандылық Дидар Қамиев пен қызылордалық Ерасыл Бәйментаев сөз қағыстырса, шымкенттік Біржан Байтуов пен сырдариялық Мұхамеджан Мансұр өнер көрсетті. Айтыстың ақтангері атанған Бекарыс Шойбеков пен шиелілік Ержан Әмір топқа түссе, «Алтын домыраның» үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Нияовпен жамбылдық Алтынкүл Қасымбекова көркем ойдан кестелі сөз құрап, көпшіліктің ерекше қошеметін иеленді.
Үш сағатқа созылған айтыстан алқалаған ағайын мол рухани азық алды. Есімі ел жадынан ұмыт бола бастаған Ұлибекенің есімі қайта жаңғырды. Дүбірлі доданың бас бәйгесі қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды.
Осылайша, азулы ақындар көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында айтыс өнерінің байрағын биіктетіп, жырға сусаған жұрттың мейірін қандырды.