Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың өңірге іс-сапары студенттермен кездесумен жалғасты. Жиында мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қолдау мен әлеуметтік маңызды жобалар назардан тыс қалмады.

Мәлік Нұржанұлы қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында ойларын ортаға салды. Заман талабына сай жастардың білімін шыңдауға, ақпараттық сауаттылықты арттыруға кеңес берді. Сондай-ақ жиында ұлттық құрылтай аясында елімізде іске асырылатын жоспарлар сөз болып, білім саласындағы тәрбие, жұмысшы мамандықтарды даярлауға қатысты мәселелер айтылды. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Президент «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының қабылдануы білім беру мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жүйесінің бастамасы екеніне ерекше тоқталып, атауын «Адал азамат» атауына ауыстыруға толық келісетінін айтты. «Бұл бағдарламаның даму стратегиясын нақты айқындауға және болашақ ұрпақтың нақты күтілетін бейнесін анықтауға негіз болары анық»,- деді ол өз сөзінде. Ал студенттер мен оқытушылар президент кеңесшісіне көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты.