#qyzylordatv
Қалалық ардагерлер үйінде «Аналар өнегесі – ұрпаққа үлгі» тақырыбында форум өтті. Жиында көргені мен түйгені мол ақжаулықты әжелер ғибратты әңгімелер айтып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
«Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – анаға» деп білетін халқымыз қашан да бала тәрбиесіне жіті мән берген. Міне, осы мақсатта ұйымдастырылған форумға түрлі салада қажырлы еңбек еткен ардагерлер немерелерімен бірге қатысты. Солардың бірі – Күләш Жарылқасын. Медицина саласының ардагері басқосуда өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру жайын сөз етті.
КҮЛӘШ ЖАРЫЛҚАСЫН – МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ //Бала отбасында ата-ананың тәрбиесін алады, содан кейін мектептен алады. Бірақ, сол баланы қадағалап, дұрыс жолға түсуіне үйдегі ата-ана мен мектептегі ұстаздар бірлесіп, балалармен көбірек араласуы керек. Ол үшін өмірдің қиындығы мен қызығын барлығын көрген үлкендер сол тәрбиенің көзін тауып, баланың құлағына сіңіру керек.//
Сондай-ақ, еркін форматтағы форумға көпбалалы жас аналар да шақыртылған. Олардың қатарында Салтанат Досжанова да бар. 7 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана ұл-қызын адал еңбекке, тату тірлікке баулып келеді.
САЛТАНАТ ДОСЖАНОВА – БАТЫР АНА //5 ұл, 2 қызым бар. Үлкен ұлым 8 оқиды. Ана мен бала арасындағы махаббат ерекше ғой. Балаларыма жақсы тәлім-тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын. Үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, ала жіпті аттамау керектігі туралы үнемі айтып жүремін. Жолдасым екеуміз барынша дұрыс бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бұл шарада да айтылған әрбір тәрбие туралы ойларды да біз балаларымызға жеткіземіз.//
ҚАНАЙЫМ ҚАЗАНҒАПОВА – ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЖЕЛЕР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ //Бұл форумға қалада тұратын ең бір өнегелі, тәжірибелі, сондай-ақ, әр түрлі мамандықты бітіріп, соның қыр-сырын ұғынған іздеп, осы жиынға қатысуға шақырдық. Әжелер зейнет жасына келсе де өздерінің бойындағы бүкіл жақсы қасиетті ұрпағына үйретіп отырған қарт кісілер. Бірі өнерлі әжелер болса, енді бірі ұлттық құндылықтарды мықты білетін әжелер. Бұл форумның жастарға оның ішінде өсіп келе жатқан кейінгі буынға берері мол. Біз сондықтан немерелерімен бірге келіп қатысуларын жөн санадық.//
Отбасы құндылықтарын насихаттайтын форумдар алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрмақ.