#qyzylordatv

Сұлу Сырдан Батысқа сазды сәлем. Облыстық филармония өнерпаздары көршілес Ақтөбе өңіріне барып, концерттік бағдарлама ұсынды. Эстрадалық орындаушылардың шығармашылық кешінде есті де ескі әндер шырқалып, көрермен рухани азық алып тарқасты.

 Өнер орталығының іші Сыр әнімен қалықтады. Қызылорда облыстық филармониясының эстрадалық орындаушылар ұжымы ақтөбеліктерге мәдени кеш сыйлады. Бұл филармониялар арасындағы шығармашылық меморандум, тәжірибе алмасу болғанымен, көрермен үшін үлкен мүмкіндік.

Өнер көрсеткендер арасында Мәдениет қайраткері Үміт Медеуова, Мәдениет саласының үздіктері Индира Елеуова және Гүлфира Әлиханова бар. Сонымен бірге түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары көрермен қошеметіне бөленді.

 Ән кешінде өнерпаздар елімізге танымал сазгерлердің туындыларын шырқады. Мұндай мәдени байланыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.