#qyzylordatv

Қаладағы жасыл желек тек түнде ғана суарылады. Мамандар мұндай әдіске аптап ыстықтың салдарынан көшіпті. Бірақ ол үшін қол күші қажет емес. Барлық жұмыс автоматтандырылған «ақылды» жүйе арқылы атқарылады. Жаңа әдістің тиімділігі қандай? Бейнесюжетке зер салайық.

 Көшеттің тез қурап кетуі аймақтың климаттық ерекшелігіне тікелей байланысты. Мұны мамандар да растап отыр. Жаз айларындағы аптап ыстық өсімдіктің бой алып кетуіне айтарлықтай кедергі болады. «Топырақтың ылғалы азайып, тал-теректің тамыры нәр алмайды», дейді ғалымдар.

 САМАЛБЕК ҚОСАНОВ - АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ

// Ағаштарды егіп кетеді де кейіннен су жүргізу мәселесін кейінге қалдырып қояды. Біздің ойымызша, ол керісінше. Бірінші кезекте суды жүргізіп алу керек, содан кейін екінші кезекте ағаш егу мәселесін қарастыру керек. Ол уақытша қолдап суару деген сияқты мәселелерді біз қоюымыз керек//

 Зиянкестер де жасыл желектің жауы. Уақытылы дәрілеп, дәруменін сеуіп тұрмаса, ыстық күндері шыбық көктету қиын екенін агрономдар да растайды.

АЛМАС ДҮТБАЕВ – АГРОНОМ

//Шындығын айтсам, көп жерде осындай талдар ауырып жатыр. Соған осындай іс шаралар жүріп жатыр. Бұл бүгін жүрсе, он күннен кейін қайталап тағы жүргізілу керек. Өйткені ол жәндіктердің бойына дәрі тиюі керек. Өңдеу жұмыстары жасалмаса, талдың бәрі өледі//

Тілші: Қазір қаладағы жасыл желекті суару әдісі өзгерген. Енді бұл жұмыстар бұрынғыдай күндіз емес, түнде атқарылатын болды. Ол үшін арнайы жұмыс күші қажет емес. Барлығы автоматтандырылған ақылды жүйеге жүктелген. Бұл бір жағынан жұмысты жүйелі іске асыруға мүмкіндік.

 ЖЕҢІСБЕК ФАЙЗУЛЛАЕВ - ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

//Скверлерде, «Сыр анада», Назарбаев даңғылының бойында, сол жағлаудағы барлығы қазір автополив. Бұл өзінің уақытымен, кешкі сағат 7-ден таңғы төртке дейін бес мезгіл. Күндіз ешқайсысын суармаймыз. Өзінің уақытымен беріліп отыр. Қаланы кешкі мезгілде аралап көрсеңіздер осыны байқауға болады. Қаланың барлығын көгалдандыруды көбейту үшін, жасыл аймақты көбейту үшін осы жүйені қалаға жаппай орнатып жатырмыз//

 Қаланың арық жүйелері үш магистральды канал арқылы суландырылуда. Ол үшін 24 су айдау құрылғысы іске қосылған. Бұдан бөлек, үш даңғыл бойындағы 7 мың көшет тамшылатып суару арқылы өсіріліп жатыр. Ал жеті скверге автоматты суару жүйесі енгізілген. «Алдағы 5 жылда қаланы толықтай автоматты суару жүйесіне қосу жоспарланып отыр», - дейді мамандар.