#qyzylordatv

Қаладағы бірқатар спорт нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, «Мұз айдыны» биыл ғана жаңғырту жұмыстарынан өтсе, бокс клубы да күрделі жөнделіп жатыр.

 2015 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Қазақстан бокс федерациясының қаржыландыруымен бой көтерген «Тарлан» спорт кешені биыл облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының теңгеріміне өтіп, атауы «Қызылорда бокс клубы» болып өзгерді. Әмбебап кешенінде спорт нысандарын жаңалау жобасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінде, ғимараттың қасбеті сүріліп, ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, құбырлар мен электр желілері де жаңартылатын болады. Бұл жұмыстар жоспар бойынша қыркүйек айында аяқталуы тиіс.

 Ал, «Мұз айдыны» спорт кешені биыл ғана реконструкциядан өтті. Алдыңғы бөлігіне келушілерге ыңғайлы етіп жасалған күту залы қосылып, сыртқы қасбеті толық боялды. Онымен қоса, шатыры ауыстырылып, ішкі кәріз құбырлары жаңарды. Мұз алаңы да жаңадан жасалып, ғимараттың техникалық базасы күшейе түсті.

 Облыс аумағындағы спорт кешендерін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту көзделуде. Сондықтан алдағы уақытта өзге де нысандар жаңа кейіпке енетін болады.