#qyzylordatv
Биыл Арал ауданындағы «Сексеуіл» локомотив жөндеу және пайдалану депосының құрылғанына – 120 жыл. Атаулы датаға орай, Сексеуіл кентінде салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында көлік-логистика саласында табанды еңбек еткен мамандар құрмет төрінен көрінді.
Локомотив пайдалану депосының тарихы тым тереңде. Өткен ғасырдың алғашқы жылдарында Арал теңізінің сол жақ жағалауы арқылы Орынбордан Арысқа қарай темір жол құрылысы басталған болатын. Бұл құрылыспен қатар темір жол бойынан шеберханалар мен Қандыағаш, Қазалы секілді үлкен стансалар бой көтерді. Ал, 1905 жылы Құмсай шеберханасы салынып, Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға берілген тұста, Сексеуіл паровоздар жөндеу депосы деп аталды. Бүгінгі күні локомотив пайдалану депосында 400-ге жуық маман тер төгіп келеді. Шара барысында саналы ғұмырын көлік саласының дамуына арнаған ардагерлер мен теміржолшылар облыс және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Құрмет төрінен көрінгендердің қатарында Нұрлан Жақсылықұлы да бар. Сала маманы ұзақ жылдан бері «Сексеуіл» локомотив пайдалану депосында оқу жөніндегі нұсқаушы болып еңбек етіп келеді. Салтанатты шарада жауапкершілік жүгін абыроймен атқарып келе жатқан теміржолшы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мұнан бөлек, тағы бір топ сала маманы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының алғыс хатымен және Қазақстан Темір жолы ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.