#qyzylordatv

Екі кезеңнен тұратын маңызды науқанға 300 мың агроқұрылым мен екі миллионға жуық үй шаруашылығы қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл аграрлық сектор саласын толық түгендеп, ескі деректерді жаңартуға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес, облыстық статистика департаментінің мамандары Қазалы ауданында болып, шаруашылық иелеріне науқанның тиімділігі жөнінде толыққанды ақпарат берді.

 Ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрі экономикамыздың маңызды саласы. Ондағы ахуал ауылда тұратын халықтың әл-ауқатымен, олардың тұрмыс сапасы және табысына тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға аграрлық саланың шынайы жағдайы туралы толық әрі нақты мәлімет керек. Осыған сәйкес, Үкімет ағымдағы жылдың 1-ші тамызынан 20-шы қазан аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылдады. Маңызды науқанға облыстағы мал, егін және балық шаруашылығымен айналысатын 11 мыңға жуық заңды тұлға қатыспақ. Солардың бірі – Қазалы ауданындағы «РЗА» акционерлік қоғамы. Аталмыш шаруашылық құрылғаннан кейін Венгриядан 660 бас асыл тұқымды қашарлар әкелсе, мүйізді ірі қараны өз төлі есебінен көбейту жұмыстары жемісін беріп отыр. Мұнан бөлек, шаруашылық жанынан тәулігіне 30 тонна сүт өңдеуге қауқарлы зауыт салынған. Кәсіпорын Еуропаның озық технологиялық құрал жабдықтарымен жабдықталған. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, сары май, құрт, йогурт сынды 10 түрлі өнім дайындалады.

 САМҰРАТ ИМАНДОСОВ – «РЗА» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ // Аймағымыздағы ауыл шаруашылығы саласына облыс әкімінің қолдауы ерекше. Мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар да бар. Енді осы санақ арқылы әлде де болса мемлекетіміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар деп білеміз. Біздің шаруашылықта төрт түлік малдың барлығы бар. Оның барлығы ИСЖ арқылы тіркелген. Біз маңызды науқанға белсенді түрде атсалысып, Үкіметтің талабын орындауымыз маңызды. Басқа да шаруашылық иелеріне де санаққа жауапкершілікпен қарап, атсалысуға шақырамын.//

Бекітілген іс-шараға сәйкес, аудан бойынша арнайы жоспар әзірленген. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығымен айналысатын 48 заңды тұлға, 444 шаруа қожалықғы және 553 жеке кәсіпкер тіркелген.

 Айта кетейік, он жылда бір өткізілетін науқан екі кезең бойынша жүзеге асады. Санақтың алғашқы кезеңі онлайн түрде 31-ші тамызға дейін жалғасады. Азаматтар қатысу үшін sanaq.gov.kz сайтына электронды цифрлық қолтаңба, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасы арқылы кіріп, сауалнама толтыра алады. Сауалнама екі бағытта жүргізіледі: бірі – агрокәсіпорындарға, екіншісі – бау-бақшасы бар не мал ұстайтын үй шаруашылықтарына арналған. Онда жер, техника, еңбек ресурсы және өнім өткізу секілді деректер қамтылған. Сондай-ақ, интернет байланысы нашар елді мекендердің әкімдіктерінде арнайы қызмет көрсету орны ашылған. Бұдан бөлек, 1446 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы тағы бар.

 Ал, санақтың екінші кезеңі 20-шы қыркүйектен бастап бір айға жалғасады. Ол офлайн түрде өтеді. Науқан кезінде мал басы, жерді пайдалану, техникалық жабдықталу мен еңбек қатынасына қатысты мәліметтер толық жаңартылады.