#qyzylordatv

Президент Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясының делегация басшыларын ресми қарсы алу рәсіміне қатысу үшін «Аваза» конгресс-орталығына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов күтіп алды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түрікменстан ынтымақтастығы өркендеп, қарқын ала түскенін атап өтті. «Құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич, Сізбен қасиетті түрікмен жерінде, бауырлас Түрікменстанда қайта жүздескеніме қуаныштымын. Шақыруыңызды шын ниетпен қабыл алдым. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен осындай форум өткізу – үлкен жетістік. Бұл 30 жылдан бері бейтарап саясат ұстанып келе жатқан Түрікменстанның халықаралық абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді. Қазақстан аталған саясатты толығымен қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.