#qyzylordatv

Құрылысшылар күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті. Биыл жұмысшы мамандықтары жылы аясында Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы енгізілді.

«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы еңбек адамының беделін арттыруды көздейді. Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін атап көрсетті. Бұл – сіздердің еңбектеріңізді мемлекеттік деңгейде бағалау мен нақты қолдаудың шынайы көрінісі.

Үкімет тарапынан алдағы уақытта да отандық құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, қажетті инфрақұрылымды дамытуға және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға басымдық беріледі. Біз жаңа технологияларды енгізу және кәсіби стандарттарды жетілдіруге жағдай жасауды жалғастырамыз»,-деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етудегі құрылыс секторының маңыздылығын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 19 млн шаршы метрден астам, оның ішінде 170 мыңнан астам тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында – 120-дан астам мектеп пен балабақша, 30 денсаулық сақтау нысаны салынды. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылдың басынан бері 18 пайызға өсті. Айта кетейік мерейлі мезетте жерлесіміз, құрылыс саласының ардагері Сержан Нәметша «Құрмет» орденімен марапатталды.

Жиында құрылыс саласының ардагері Қайсар Омаров мемлекет басшысына олардың еңбегін жоғары бағалап, жұмысшы мамандықтарын дамытуға көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.

 ҚАЙСАР ОМАРОВ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚҰРЫЛЫСШЫСЫ

//«Келе жатқан мереке қарсаңында Мемлекет басшысына «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы қайтадан мемлекеттік наградаға айналғаны үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл бізге, құрылысшыларға деген ерекше құрмет//

 МҰРАТБЕК БАЙТЕЛИЕВ - «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ

//Көп жылдан бері құрылыс саласында басшылық қызметте жұмыс істеп келмін. Бүгінде еңбегіміздің бағаланып жатқанына ризамыз. Еліміздің гүлденуіне, өркендеп өсуіне өз үлесімізді қостық деп есептеймін. Біздің Түркістан облысында құрылыс нысандары көптеп бой көтеруде. Былтырлары «Жайлы мектептерді» ел игілігіне тапсырдық. Еліміздің барлық құрылысшыларын бүгінгі мерекесімен құттықтаймын. Қазақстанымыз өркендеп өсе берсін//