#qyzylordatv

Қызылордалықтар заңсыз саудамен күрессе, Жалағаш ауданы Таң ауылының кәсіпкерлері заңды болса да алкогольдік өнімдерді сатудан бас тартып отыр. Осылайша олар өз еркімен лицензияларын да қайтарып беріпті. Бұл шешім аудандық прокуратураның бастамасымен, жергілікті биліктің, ауыл ақсақалдары мен тұрғындардың белсенді қолдауымен қабылданған. Тақырыпты ішімдіксіз ауылды көзбен көріп қайтқан тілшіміз Мақсат Кәрібай тарқатады.

 Бұл ауылда ішімдікке сұраныс аз. Бұған дейін спирт өнімдерін елді-мекенде бір ғана дүкен саудалап келген. Игі бастама қолға алынғанда оған жергілікті кәсіп иесі де қолдау танытып, ішімдік сатуға берілген лицензиясын жойыпты. Қазір ауылдағы дүкендердің ешбірінде ішімдік сатылмайды.

Ащы судың зардабы ауыр. Оның салдарынан «қылмыс көбейеді, денсаулық сыр береді, ел арасынан ынтымақ кетеді» дейді ауыл үлкендері. Мұны тұрғындар да түсініп, ішімдіктен ерікті түрде бас тарта бастаған. Бұған жергілікті полиция қызметкерлері мен ақсақалдар ықпал еткен.

Жуырда ғана осы ауылға жақын орналасқан Еңбек елді мекені де ішімдіктен бас тартып, айналасына үлгі болған. Оған міне Таң ауылының тұрғындары да үн қосып отыр.

Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі - егін мен мал шаруашылығы. Қазір мұнда 250-ге жуық шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ендігі кезекте, «кәсібімен көркейген ауыл, тәртібімен танылсақ» дейді. Өйткені, Таң тұрғындары «заң мен тәртіп - қоғамның темірқазығы» деп біледі.