Облыс орталығында Абай мектептері арасындағы VІІІ республикалық шешендік өнер байқауы өтеді. Осынау додаға шәкірт баптап келген ұстаздар бүгін «Абай мектептерінің ортақ құндылықтары: басқару, шығармашылық және шешендік» тақырыбындағы республикалық семинарға қатысып, тәжірибе алмасты.
Еліміздің әр өңірінен келген талапкерлер мен олардың жетекшілері алдымен мектеп ауласына ағаш көшеттерін егіп, көркейту көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Мұнан соң Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп ұжымының өнерін тамашалады.
Абай мектебінде оқитын әрбір бала ақын өлеңін жатқа біледі. Бұл дарынды шәкірттердің ұстаханасына айналған білім ошағының басты ұстанымы. Шара барысында көпшілік назарына Абайдың балалық шағынан кемелденген кезеңіне дейін театрландырылған қойылым арқылы көрсетілді. Оқушылар ақынның қара сөздері мен жыр жолдарын жатқа айтты.
Еліміздің әр өңірінен келген педагогтар «Абай мектептерінің ортақ құндылықтары: басқару, шығармашылық және шешендік» тақырыбындағы республикалық семинарға қатысты. Жиында Алматы қаласындағы Абай ұлттық мектебінің мұғалімі, «Ділмар» сайыс жобасының авторы Жарқын Сален өскелең ұрпақты шешендік өнерге баулу, қазақ руханиятына үлес қосатын елжанды азаматтарды тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Айта кетейік, желілік Абай мектептері арасындағы VІІІ республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы...» шешендік өнер байқауы ертең өтеді. Оған еліміздің 12 өңіріндегі дарынды балаларға арналған мектептерден іріктеліп шыққан оқушылар қатысады. Жас ділмарлар түрлі тақырыпта сөз қозғап, өз ойларын ортаға салады. Байқау барысында талапкерлердің тапқырлығы, ой ұшқырлығы, зеректігі, сөз саптауы, дауыс мәнері жан-жақты сараланып, бағаланатын болады.