«Таза Қазақстан» акциясы аясында жайдарманшылар күзгі кубокты сарапқа салды
#qyzylordatv
Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен күзгі кубок үшін жайдарманшылар сайысы өтті. Көңілді тапқырлар алаңында 6 команда бақ сынап, әзілмен өрілген өнерлерін ортаға салды. Тілші бейнематериалында толығырақ.
Күзгі кубок «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды. Сахна төрінде жастар туған жердің тазалығы, экологиялық мәдениет және қоршаған ортаға жанашырлық мәселелерін өткір де жарасымды әзілмен жеткізуге тырысты. Командалар астарлы әзіл мен мазмұнды көріністер арқылы қоғамдағы өзекті түйткілдерді көпшілік назарына ұсынды.
ТОҒЖАН АМАНУЛЛАЕВА - ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Бұл күзгі кубок. Бір реттік арнайы жоба. Арнайы бір тақырыбы болады. Біздің осы жылғы тақырыбымыз «Таза Қазақстан» Мемлекет басшымыздың арнайы айтылған тұжырымдамасы бар ғой. Соның негізінде «Таза Қазақстан» тақырыбын таңдадық. Бұл жастарымыздың шығармашылығын шыңдау және бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырамыз.
Ойын барысында командалардың дайындығы деңгейлес болып, жеңімпаздарды анықтау қазылар алқасына оңайға соқпады. Дегенмен, сайыс тақырыбын жан-жақты аша білген «Сборный» командасы Күзгі кубок пен 100 мың теңге қаржылай сыйлықты иеленді. Екінші орын қазалылық оқушылардан құралған «Ақорда» жайдарманшыларына бұйырса, «Қызылорда құрамасы» үздік үштікті түйіндеді.
САБЫРЖАН ҚАСЫМ – КОМАНДА ОЙЫНШЫСЫ
Таза Қазақстан бізге жат емес. Өйткені біз жастар ресурстық орталығында жұмыс істейміз өзіміз. Жиі біз акцияға шығып тұрамыз. Ардагерлерге көмектесеміз. Жағдайы төмен отбасыларға көмектесеміз. Ауланы таза ұстаймыз. Сенбілікке жиі шығып тұрамыз.
Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкер жастардың өнеріне қолдау білдіріп, кубокқа қатысқан барлық командаға өз атынан қаржылай сыйақы табыстайтынын жеткізді.