Негізгі Жаңалықтар Өңірде интернет сапасы артады

Өңірде интернет сапасы артады

#qyzylordatv 

Елімізде телекоммуникация саласын дамыту, елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Үкімет отырысында осы мәселелер талқыланды. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режимде қатысып, өңірдегі байланыс сапасын жақсарту бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.


 Аймақтағы 222 ауылдың 207-сі мобильді интернетпен қамтылған. Ал 140 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Өңірде жалпы 1005 базалық станция жұмыс істейді. Дегенмен, интернет сапасы төмен және байланыс мүлдем жоқ аумақтар әлі де бар.


«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мобильді байланыс жоқ 15 ауылдың 11-і спутниктік технология арқылы интернетке қосылды. Қалған төрт елді мекенді 2027 жылдың соңына дейін қамту жоспарланған. Қазір облыста 5G желісінің 158 базалық станциясы бар. Осы ретте облыс әкімі мобильді байланыс операторларының жауапкершілігін күшейту қажет деді. Байланыс сапасы төмен аумақтарды анықтап, оған қатысты нақты жоспар құруды тапсырды. 


Қисайған бағана, тозған желі жүйелері. Бұл интернет сапасына кері әсерін тигізетін кедергілер. Аймақ басшысы жауапты мекеме басшыларына сапалы интернетке қол жеткізу үшін маңызды инфрақұрылым мәселесіне мән беру керектігін айтты. 2026-2027 жылдары «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, өңірде 65 елді мекенге талшықты-оптикалық желі тарту көзделген. Бүгінде оның 14-інде жұмыс аяқталған. 

Ал «Қызылорда – Жезқазған» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолдарының бойында 9 антенналық діңгек орнатылады. Оның екеуі биыл, қалған жетеуі келесі жылы іске қосылмақ. Мұнан бөлек, келер жылдың соңына дейін 129 ауылда интернетті әр үйге дейін жеткізетін «Соңғы миль» жобасы жүзеге асырылады.

Бөлісу