Негізгі Жаңалықтар Текті жырдың Теміршесі

Текті жырдың Теміршесі

#qyzylordatv 

Руханият әлемінен ақпар. Биыл ақын Темірше Сарыбайұлының туғанына – 85 жыл. Сыр перзенті парасаты поэзиясымен жырсүйер қауымның жадында қалды. Ақынды еске алу кеші Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылып, шығармалары дәріптелді.


 Темірше Сарыбайұлы өлең өлкесінде өзінше із қалдырған қаламгер. Ол өзгелердей өндіріп жазған жоқ. Асыра айтып, әсіре сөйлеуге де құмар болмады. Болмысындағы сырбаздық шығармаларында көрініп тұратын. Бір сөзбен, қызыл сөзге құмартпай, өмірдің өзін қарапайым жеткізді. Сонысымен, әдеби ортада есімі әйгілі. Сыр перзентінің жарық дүниемен қош айтысқанына биыл – 13 жыл. Шыншыл ақын арамызда болса, дәл осы айда 85 жасқа толар еді. Рухани кеште қызылордалық қаламгерлер Темірше ақынның бөлек болмысын еске алып, өлеңдерін оқыды. 


Темірше Сарыбайұлы жеке шығармашылығымен қатар, қазыналы халықтың мол мұрасын құнттаған қайраткер. Мәселен, қиын-қыстау кезеңде айтыс өнерінің шырағын сөндірмей, телеарна арқылы жұртшылыққа ұсынған жанның бірі. Жиында асыл азаматтың осындай қайраткерлік қалпы айтылды. Сондай-ақ, ақынның қызы Шадыман Теміршеқызы әке мұрасына деген құрметін жыр шумақтарымен жеткізсе, жұбайы Ақсұлу Еламанова оның өмірі мен шығармашылық жолынан сер шертіп, жарқын бейнесін еске алды.


Шыны керек, Темірше Сарыбайұлы рухният ордасы – Алматы қаласында бір адамдай құрметке бөленді. Бірақ ол 70 жасында сол тыныш тіршіліктің тінін бұзып, туған жерге оралды. Десе де, Алатаудан ақын келді, деп ешкімнен құрмет сұраған жоқ. Қарапайым қоңыр күн кешіп, туған жерінде мәңгілік мекенге аттанды. 


Бөлісу